Malim.kz
Білім-ғылым

Соуриндра Бонерже: Ғылым саласындағы негізгі мәселелер

Айбын Атабай

Біздің елдің ғылымы дамуы үшін және университеттеріміз әлемде мойындалуы үшін халықаралық дәрежедегі  стандарттарға көшуіміз керек, ол түсінікті. Сол мақсатпен Болон декларациясына қосылып, жоғары білім саласын әлемдік талапқа сай реформаладық. Сондай батыл әрі қажет қадам жасаған Орталық Азиядағы алғашқы ел атанғанымызға биыл 16 жыл толды. Бакалавр, магистратура, докторантура мамандарын соған сай дайындап жатырмыз. Ол бағыттың дұрыс болғанын уақыт көрсетті, бірақ кемшіліктеріміз де жоқ емес. Әлемдік үздік университеттер рейтингіне кіруге талпынған кезде, біздікілер кейде көзбояушылыққа салынуға құмар, жоғары квартильді мақала шығаруды тек ғалымның жеке проблемасы етіп жүктейді, сондай-ақ сыртқы сарапшыларға оң пікір жазшы деп өтінуге мәжбүр. Алайда «шынайы жолмен нақты даму» деп аталатын маңызды, әрі күрделі жолды айналып өтудің мүмкін емесін түсінетін уақыт келді. Академиялық рейтингтер жалпы  қалай құрылады, ол жерде жоғары нәтижеге жету үшін не керек деген тақырып төңірегінде Ұлыбритания профессоры Соуриндра Банержидің пікірін білген едік. 

Пікір иесі туралы анықтама

 Аты-жөні:  Dr. Sourindra Banerjee

Білімі: 2002 жылы Үндістандағы BE Джадавпур университетін  инженер мамандығы бойынша тәмәмдаған. 2004 жыл: MBA, XIMB (Үндістан), 2007 жыл: Лидс университетінің менеджмент IMM магистрі (үздік диплом). 2012 жыл: Кембридж университетінің  маркетинг  бойынша PhD докторы. Американдық маркетинг қауымдастығының, Маркетинг ғылымдары институтының, Еуропалық маркетинг академиясының, Халықаралық бизнес академиясының мүшесі. Хирша индексі - 11. Қазіргі таңда әлемнің үздік 100 университетіне кіретін, беделді Рассел тобының мүшесі Лидс университеті Бизнес мектебінің оқытушы профессоры, «Үздік ғылыми зерттеу» бойынша халықаралық марапаттардың иегері.

Ұлыбритания үкіметі ғылымға ақшаны қалай бөледі?

Қазіргі кезде академиялық рейтингтің түрі көп-ақ.  Негізі кез келген беделді рейтингтегі жоғары нәтиженің арғы жағында қыруар еңбек,  күш-жігер мен ақшалай қолдау жатыр жатыр. Зерттеуге мол қаржы керек. Ол қаржыны алуға лайықты екеніңді дәлелдесең, үкімет бөліп береді. Біздің аймақтың үкіметтері соңғы кездері көбінесе технологиялық зерттеулерге қаржы бөліп жүр. Бизнес зерттеулері сияқты басқа салалалар қаржыландырылмай қалуы мүмкін. Дәл қазіргі уақытта мәселен, киберқауіпсіздік саласындағы зерттеулерге басымдық беріп жатыр деп айта аламын.

Ұлыбританиядағы ұлттық зерттеу рейтингі Research Excellence Framework (REF)  деп аталады. Бір айт кетерлігі, ол университеттің оқыту  сапасын емес, тек зерттеу сапасын бағалайды. Бұл  рейтинг әр 8-9 жыл сайын жүргізіледі. Оның соңғысы 2021 жылы өткен еді, оған жергілікті 157 жоғары білім ұйымы қатысқан.  Сол жылы 76 000 академиялық қызметкер нәтижесі есепке алынып, 185 000 ғылыми еңбек сараланған. Осы процестің бәрін  мыңнан астам сарапшы қадағалаған. 

Келесі  ұлттық зерттеу 2029 жылы өтпек. Сол үшін 2028 жылдың соңына дейін барлық университет өздерінің REF өтінімдерін тапсырады. REF үдерісін Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландиядағы жоғары білім мен зерттеуді қаржыландыратын мемлекеттік органдар ұйымдастырады. Олар REF ережелерін бекітеді, нәтижелерді қаржыландыруға қолданады, бірақ  бағалау процесіне тікелей кіріспейді. 

REF нәтижелері үкіметтің  университеттерге зерттеу қаржысын бөлуге негіз болады, сондықтан әр оқу орны оған өте қатты мән береді. Бірақ бағалауды министрлік емес емес, арнайы subject panels (ғалымдар, сарапшылар, академиктер) жасайды. REF-ті «университет рейтингі» деу аса дұрыс емес,  ол – ғылым мен зерттеуді бағалаудың мемлекеттік механизмі. Дегенмен  Рассел тобына кіретін топ-25 университеттің қаржылық қолдауы шамамен бірдей деуге болады. Оның үстіне, ең үлкен қаржы көбіне студенттердің төлемдерінен және қайырымдылық қорынан (endowment) келгендіктен, бұл рейтинг негізінен бедел мәселесі деуге болады. Эндаумент қорлары әсіресе АҚШ (Harvard, Stanford) пен  Ұлыбританияда (Oxford, Cambridge) қатты дамыған.  Мәселен, Гарвардтың эндаумент мөлшері  $56 млрд. доллар, Оксофордтыкі £4 млрд, ал Кембридждікі  £2.76  млрд. фунт стерлингті құрайды.

REF рейтинг жүйесі UK-да негізделген, бірақ қазір  басқа елдерде де (мысалы, Үндістан, Нидерланды) көшіріліп қолданылады.

UK ұлттық зерттеуінің рейтингі қандай параметрден тұрады?

Ұлыбританиядағы ұлттық  зерттеу рейтингі үш негізгі категория бойынша  бағаланады:

1. Output (нәтижелер, мақалалар саны), ол  жалпы өлшемнің 60%-ын құрайды.  Мұнда қанша  ғылыми мақала жарияланғаны және журналдардың деңгейі (Q1, Q2) ескеріледі. Соның ішінде квартилі жоғары журналдарға мақала жариялауға аса мән береді. Ұлттық рейтингке оқу ордасы барлық жарияланған мақалаларды қарастырады да, соның ішіндегі ең үздік 250 мақала REF үшін ұсынылады. Мақалалардың сапасы жоғары болса, рейтинг соғұрлым жақсы болады деген сөз. 2014 жылы 4 жұлдызды  үздік мақалалар – 20% болса, 2021 жылы ол  30%-ды құраған. Бір мықты мақала екі-үш жылдан сегіз-тоғыз жылға дейін жазылуы мүмкін. Оны жазу барысында зерттеуші ғалымдар бірнеше ақылы конференцияға барып пікір алмасады, өз ойын талқыға салады, ұзақ уақыт бойы қатаң талапқа сай дерек жинайды, сосын оны арнайы бағдарламаларда кезең кезеңімен өңдейді. Зерттеу жүргізудің шығындары өте көп, оны сол университет әкімшілігі өз мойнына алып, ғалымға жағдай жасайды. Мәселен, Мадридтегі конференцияның тіркелу ақысы 600 фунт, сосын 4 күндік сапар: ұшу, қонақ үй, тамақ, жергілікті көлік бәрін қосқанда тағы  2,500 фунт шығады. Соның бәрін университет төлейді, Ал жылына 4 конференцияға қатыстыру – бір ғалымға шамамен 10,000 фунт стерлинг шығын жасау деген сөз. Беделді журналдарда мақаланы жариялау тегін, бірақ сол мақаланы дайындау процесі өте қымбат. Бір өкініштісі, Қазақстан сияқты елдер әлі соны толық түсінбейтін сияқты, өйткені ғалымдары осы бойынша менен жиі сұрайды. Ол жақта Скопусқа мақала жариялау ғалымның жеке мәселесі сияқты көрінеді.

2. Environment (орта, институттық қолдау). Ол бағалаудың 15%-ын құрайды.
Мұнда зерттеу ортасы, докторантура студенттері, жас ғалымдардың және әйел профессорлардың саны есепке алынады. Оның ішінде докторантура студенттерінің үлесі, жынысы, қай елден келгені, студенттердің PhD-ді уақытында аяқтауы, сосын олардың оқу соңында қайда жұмысқа орналасқаны (академия ма, өндіріс пе) ескеріледі. 

3. Impact (ғылымның әлеуметтік және салалық әсері). Жалпы бағалаудың 25%-ын  құрайды. Зерттеудің нақты өмірдегі шынайы практикалық әсерінің өлшемі. Ұлыбританияда гендерлік теңдікке мән береді. Соған сай әйел ғалымдарды  насихаттау және академиялық теңдік мәселесі бұл жақта маңызды.  Әйел профессорлардың жалпы саны төмендеу, бұл – үлкен мәселе, өйткені олардың академиялық өсуін қолдау қиын шаруа. Негізі ол күрделі және бәсекелестікке толы процесс дей аламын. Дегенмен үкімет ЖОО-дан соны талап етеді. Бір айта кетерлігі, дәл осы ұлттық зерттеу рейтингінде тек штаттық қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге жартылай жұмыс істейтін (part-time working) қызметкерлер де  бағаланады. Сондай-ақ  бала күтімі демалысындағы  (maternity leave) әріптестер де зерттеу нәтижелеріне әсер етіп, рейтингке енгізіледі.

Зерттеуді қолдау – ұзақ мерзімді мақсат

Зерттеу қаржыландыру бұл қысқа мерзімді мақсат емес. Ұлыбритания сияқты елдер 200 жыл бойы зерттеу жүргізіп келеді.

Олар бірегей  қозғалтқыштарды, сан алуан кеме түрлерін ойлап тапты. Сондықтан зерттеуді  мұнда қатты бағалайды. Университетке зерттеу жүргізуді ұсынғанда, бірінші қадам ол әрине,  оқытудың сапасын арттыру  болуы керек. Барлық оқытушылар PhD дәрежесіне ие болса және мақалалар жариялап тұрса, оқыту сапасы автоматты түрде арта береді деген сөз. Ал ол фактор салмақты, толыққанды зерттеу жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жүйелі зерттеу жасау университет беделінің артуына, тиісінше сыртқы тараптың қаржы құюына да жол ашады. Бір-бірімен байланысты жүйе.  Ал зерттеу жүргізу үшін қандай орта қажет? Ол  үшін белгілі бір академиялық атмосфера керек:

• халықаралық дәрежедегі оқытушылар

• кампуста тұратын профессорлар

• жатақханалар мен университеттің байланысы

• әлемнің әртүрлі елдерінен келіп тұратын профессорлар

• халықаралық академиялық орта.

Осыдан кейін университет  жеке немесе ұлтық компаниялармен жұмыс істеу немесе зерттеуді коммерциялау туралы ойлана алады. Мықты зерттеуге жағдай жасалса, мықты ғалымдар шығады, ал ол ғалымдардың әр қызметі жоғары бағаланады.  Мәселен,  Майкл Портер атты Harvard Business School профессоры бар, әлемдегі ең танымал бизнес ғалымдарының бірі. Оны шақыру құны сағатына £10,000, ал бір күні  £80,000 тұрады.  Қытай кейде оған күніне  £200,000 дейін төлейді. Сондықтан осы саладағы немесе мелекет басындағы азаматтар  ең маңызды шындықты түсініп алғаны абзал: зерттеу жасау өте қымбат және ол үлкен инвестицияны, қажырлы еңбек пен жүйелі көзқарасты қажет етеді.

Университеттер зерттеу жүргізу үшін қаржылық модель мен стратегияны да анықтауы керек. ЖОО-лар мен үкімет алдымен мына сұраққа жауап бергені маңызды: Біз не үшін зерттеу жүргізгіміз келеді? Егер университет зерттеуге көп ақша салуға дайын болмаса, онда зерттеу жүргізу қиын. Оның үстіне кей менталитетті  де өзгерту қажет болады.  Ең бірінші қадам – ойлау жүйесін өзгерту. Зерттеу жүргізу үшін сапалы білім берілуі керек; соған сай халықарлық студенттер көптеп тартылып, олардан  жоғары оқу ақысы алынуы қажет;  әлемдік гранттар мен  халықаралық бағдарламаларды қолдана алуы тиіс; сол арқылы университеттің сенімді табысы болуы керек. Ал халықаралық аккредитациялар (AMBA, AACSB)  мен шынайы жағдайды дәл суреттейтін ұлттық зерттеу рейтингтері университет беделін көтереді, өз күшін бағалап, әлемдік бәсекелес тікке ынталандырады. 

Ұл студент пен қыз студентті тарту 

Маркетингте gender (жыныс) – нарықты сегменттеудің бір түрі. Яғни университеттер студенттерді мынадай топтарға бөледі:

• қыз студенттер

• ұл студенттер

• халықаралық студенттер

• жергілікті студенттер.

Тиісінше, сол әр сегментке әртүрлі стратегия қолданады. Ең қызығы, соңғы зерттеулерге сүйенсек, көп ата-аналар университет таңдағанда, оқудың сапасын бірінші орынға қоймайды екен. Олардың ең басты сұрақтары: Университет қауіпсіз бе? Кампус таза әрі заманауи ма? Жатақханасы жақсы ма? Жалпы барлық жерінде тәртіп бар ма?

Халықаралық студенттер көптеп келуі үшін сапалы біліммен қоса қауіпсіз, жайлы ортаны, заманауи жатақханаларды да дамытпаса болмайды. Мәселен, Ұлыбританияда Warden деген ұғым бар,  ол – жатақханадағы студенттерді, әсіресе қыздарды бақылап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауапты ересек әйел қызметкер. Осы қызметті ұсынса, қыз студенттердің cаны артады деген сөз. 

Ұл студенттерді тартудың да өз тәсілі бар. Олар  үшін маңызды негізгі факторлар:

• университетте тұрақтылықтың болуы

• оқу процесінің дұрыс ұйымдастырылуы

• ереуілдер немесе тәртіпсіздіктің болмауы

• оқу аяқталғаннан кейін жұмыс табу мүмкіндігі.

Егер осы шарттар орындалса, ұл студенттердің  де саны артады деген сөз. Сондай-ақ қазіргі заманда  коммуникацияның  да маңызы зор. Әр университет өз артықшылығын дұрыс жеткізе білуі керек. Жеке сайтында, түрлі форматтағы жарнамаларда және  әлеуметтік желілерде қандай артықшылықтары бар екенін анық көрсеткені жөн. Әділдік принципімен, мериторакратиямен, істің көзін табатын білікті әрі  жанашыр басшы келсе, ондай менеджер сапа мен имиджді қоса дамыта бастайтыны сөзсіз. 

Халықаралық студенттерді тартудың да өз  стратегиясы бар.  Университеттер әлемнің қай аймақтарынан  өзіне студент тартуға болатынын да анықтап алуы керек. Яғни ықтимал түрде қай елдерден студент келеді, олар қандай  оқу бағдарламасына  қызығады және қай мамандықтарға жоғары сұраныс бар деген сұрақтарға нақты зерттеу нәтижесіндегі жауап қажет.  Содан кейін университет сол нарықтарға бағытталған бағдарламалар жасаса, міндетті түрде ұтады. Қазіргі білім ұйымдарында инклюзия  да өте маңызды. Ол дегеніміз – барлық адамдарды, олардың ерекшеліктеріне қарамастан, оқу ортасына тең қабылдау.

Әр университеттің өз бағыты болғаны жақсы

Ұлыбританиядағы  әр университеттің өз бағыты бар деуге болады. Барлық университет бірдей нәрсеге көңіл бөлмейді. Әр оқу орнының өз фокусы, өз стратегиясы, өз басым бағыты, өз бренді болады. Мысалы бір университет инклюзия мен әртүрлілікке,  екінші университет ғылыми зерттеуге,  үшінші университет спортқа көбірек көңіл бөлуі мүмкін. Әр университетте USP болуы керек деген сөз . USP – Unique Selling Proposition, яғни университеттің ерекше артықшылығы. Мысалы, спортқа зор мән беру,  халықаралық бағдарламалардың алуан түрін ұсыну, білікті зерттеу ортасын қалыптастыру немесе  жаңа технологияны қолдану сияқты көрсеткіштермен ерекшелене алады.

Осыдан келіп әр университеттің позициясы (рositioning) деген ұғым шығады.  Бұл дегеніміз – университеттің адамдардың санасындағы орны. Яғни студенттер университетті беделді, халықаралық  немесе  жоғары сапалы деп қабылдауына не түрткі екенін анықтайды. Әр брендтің өз имиджі мен позициясы болатыны сияқты, университеттер де  бір-бірінен ерекшеленуі керек. Көп университеттер бірдей пәндер оқытады, бірдей диплом береді, тіпті бірдей оқу жүйесі бар.

Егер университеттер арасында айқын айырмашылық болмаса, онда студенттер оларды аса ажырата алмауы мүмкін. Сондықтан университеттер бағдарламалар, мамандықтар және зерттеу бағыттары арқылы өз ерекшелігін көрсетуі керек. Алайда Oxford пен Cambridge сияқты бірегей бренд оқу орындарымен бәсекелесудің қажеті жоқ деп санаймын.  Oxford және Cambridge – бұл дәстүрлі университеттер (heritage universities). Автокөлікпен аналогия жасасақ,  Mercedes бренді сияқты. Mercedes көлігін ойлап тапқаннан бері, адамдар әлі де Mercedes алады, тіпті қымбат болса да, отын үнемділігі төмен болса да. Сол сияқты, Oxford пен Cambridge университеттері де өз беделін өз тұтынушысы үшін мызғымастай етіп бекітіп алған. Мысалы, Франциядағы Sciences Po немесе Швейцариядағы ETH Zurich университеті де тарихи беделі әбден қалыптасқан оқу орындары. Оларға тіпті қазіргі рейтингтеріне немесе оқу ақысының бірнеше есе қымбат екеніне қарамастан, ең мықты студенттер келе бермек. Бірақ басқа университеттер де дамуы керек қой?

Тоқетерін айтар болсақ, өңірлік, жаңа немесе жеке университеттерге жаңа тәсілдер қажет:

• Сегментация (Segmentation) – студенттерді мақсатты топтарға бөлу

• Таргетинг (Targeting) – қай топқа бағытталатынын анықтау

• Позиционирлеу (Positioning) – университеттің имиджі, беделі

• Дифференциация (Differentiation) – басқа университеттерден ерекшелену

Мысалы, сіздердің Астана сияқты үлкен қалаларда бірнеше университет бар. Әр университет өз орнын, өз даму жолын табуы керек, білім нарығында түрлі позицияны ұстанғаны абзал. Ғылым мен жоғары білімді дамытудың стратегиялық жолын дұрыс жоспарлап, оны кезең-кезеңімен,  жүйелі түрде, дайындықпен, шынайы көзқараспен, сабырмен, жауапкершілікпен, жігермен жүзеге асырса, үздік университет атануға болады.

Профессордың өзекті ойларын жазып алып,  

қазақшаға аударып, қағазға түсірген:

Алма Сайлауқызы

Лидс университеті, Ұлыбритания

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары