Ресейдің Воронеж облысындағы Wildberries логистикалық орталығы Украина дрондарының шабуылынан кейін жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Malim.kz.
Компания қойма қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін логистикалық операцияларды басқа нысандарға қайта бөлгенін мәлімдеді. Бұл – соңғы күндері дрон шабуылынан жұмысы тоқтаған Wildberries-тің тоғызыншы логистикалық орталығы. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұған дейін Краснодар өлкесі, Ставрополь өлкесінің Невинномысск қаласы және өзге өңірлердегі қоймалар да осындай шабуылдарға ұшыраған.
Украина тарапы бұл логистикалық орталықтар Ресей армиясын қамтамасыз ету тізбегіне қатысы бар нысандар екенін алға тартады. Ал Ресей билігі мен Wildberries компаниясы қоймалар тек азаматтық мақсатта пайдаланылатынын айтып, бұл мәлімдемені жоққа шығарып отыр.
Соңғы шабуылдар салдарынан Wildberries-тің шамамен 552 мың шаршы метр қойма алаңы уақытша істен шыққан. Бұл компанияның жалпы логистикалық қуатының шамамен 10-12 пайызына тең. Қазіргі уақытта компания тапсырыстарды өзге логистикалық орталықтар арқылы жеткізуді ұйымдастырып жатыр.
Ресми түрде материалдық шығын көлемі жарияланған жоқ. Алайда мамандардың бағалауынша, қоймалардағы тауарлардың шығыны 3 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Ал бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге 460 млн доллардан астам қаражат қажет болуы ықтимал. Бұл - әзірге тәуелсіз сарапшылардың есебі, компания аталған сандарды растай қойған жоқ.