Malim.kz
Білім-ғылым

World Humanoid Robot Games: Адамзат рекорды алыста қалатыны анық

Айгүл Таңатар
https://humanoid.guide/

Бейжіңде өткен World Humanoid Robot Games жарысының финалында қытайлық Tiangong Ultra гуманоид роботы 100 метрді 8,64 секундта жүгіріп өтіп, роботтар арасындағы жаңа рекорд орнатты. Ол бұған дейінгі өз нәтижесін бір күннің ішінде екі рет жақсартып, алдымен 9,39 секунд, кейін 8,86 секунд көрсеткішіне жеткен.

8,64 секунд адамзаттың 100 метрдегі ресми әлемдік рекорды саналатын Усэйн Болттың 2009 жылы орнатқан 9,58 секундтық нәтижесінен 0,94 секундқа жылдам. Алайда бұл екі көрсеткішті тікелей салыстыруға болмайды: роботтар жарысы жеңіл атлетиканың ресми жарыс ережелерімен өткізілмейді. Сондықтан Tiangong Ultra-ның нәтижесін «роботтар арасындағы рекорд» деп атаған дұрыс.

Бес күнге созылған жарысқа 16 елден 666 команда құрамында 2 мыңнан астам робот қатысты. Олар жүгіруден бөлек футбол, бокс, би, ауыр атлетика, сондай-ақ үй шаруасы, қонақүй қызметі және төтенше жағдайларға арналған тапсырмалар бойынша сынға түсті.

Жарыстың ең қызық көріністерінің бірі роботтардың мәреге жеткеннен кейін тоқтай алмай, қорғаныш қабырғаға соғылуы болды. Кейбірінен түтін шығып, қызметкерлер өрт сөндіргіш қолданған, ал істен шыққан роботтар алаңнан зембілмен шығарылған. Бұл көріністер гуманоид технологиясының жылдам дамып жатқанын көрсеткенімен, олардың қозғалысты басқару мен қауіпсіздік тұрғысынан әлі де шешілмеген мәселелері бар екенін де аңғартты.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары