"Челси" футбол клубы ресми түрде Хаби Алонсоны бас бапкер етіп тағайындады, деп хабарлайды Malim.kz.
44 жастағы маман жаңа қызметіне 1 маусымнан бастап кіріседі. Оның келісімшарты төрт жылға жасалған. Клуб мәлімдемесінде Хаби Алонсоның бай тәжірибесі, жаттықтырушылық қабілеті, ойын моделі, көшбасшылық қасиеті және кәсіби беделі бұл шешімге негіз болғаны айтылған.
«Алонсо тек жоғары деңгейдегі бапкер ғана емес, сонымен қатар команданы тиімді басқаруға қабілетті сенімді көшбасшы. Ол клубтың жаңа даму кезеңін басқаруға лайық маман», – делп жазылған ресми хабарламада.
Өз кезегінде Хаби Алонсо әлемдегі ең ірі клубтардың бірін жаттықтыру мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Клуб иелерімен және спорттық басшылықпен әңгіме барысында ортақ мақсаттарымыз бар екенін түсіндім. Біз жоғары деңгейде тұрақты өнер көрсететін және жүлделер үшін күресетін команда құрғымыз келеді. Құрамда талантты ойыншылар көп, клубтың әлеуеті зор. Оны басқару – мен үшін үлкен мәртебе», - деді ол.
Бұған дейін испаниялық маман Реал Мадридта жұмыс істеп, қаңтар айында қызметінен кеткен болатын. Оған дейін Байер клубын Бундеслига, Германия кубогы және Суперкубогындағы жеңістерге жеткізген.
Сондай-ақ келесі маусымда кәмелет жасына толған соң Дастан Сәтпаевтің Челси құрамына қосылуы күтілуде. Қазір ол Қайрат сапында өнер көрсетіп жүр. Футболшы 12 тамызда 18 жасқа толады.
Қазір Англия Премьер-лигасында Челси екі матч өткізеді. Команда 49 ұпаймен тоғызыншы орында тұр және еурокубок жолдамасына таласып жатыр. 16 мамырда лондондық клуб Манчестер Ситинен Англия кубогының финалында жеңілген.