Әлеуметтік желіде мектептегі хиджаб мәселесіне қатысты пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Роза Коуч есімімен танылған Роза Аширбаева бұл тақырыпқа байланысты көзқарасының өзгергенін айтып, Threads парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін орамал тағудан ешқандай қауіп көрмеген. Алайда әлеуметтік желідегі кей пікірлерден кейін бұл мәселеге басқаша қарай бастаған.
"Мен Білім министрлігінің позициясын енді түсінгендеймін. Бұрын “орамалда тұрған ештеңе жоқ” деп ойлаушы едім. Көзім ашылғандай", – деп жазды Роза Аширбаева.
Ол сондай-ақ мұндай көзқарастағы адамдардың көп болуы өзін алаңдататынын жеткізді.
"Мұндай ойдағы адамдар ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді деп ойлаймын. Және олар тым көп. Мен қорқамын", – деді ол.
Желі қолданушысы биыл 5-сыныптан бастап оқушылар заң және тәртіп негіздерін оқи бастайтынын да дұрыс шешім деп бағалаған.
"Мемлекет пен дін, мектеп пен дін бір-бірінен алшақ болу керек екеніне көзім жетті. Көзімді жеткізді осындай пікірлер. Ойым өзгерді", – деп түйіндеді Роза Коуч.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген жекеменшік мектептерге қатысты лицензиясын қайтарып алу тетігі қарастырылуы мүмкін екенін айтқан.