Қырғызстандық ата-ана 20 жастағы қызын молдаға апарып, шлангпен ұрып-соғып, жағымсыз иісі бар сұйықтық құйылған бөшкеге батырған. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Сезім дағдарыс орталығының мәліметінше, 20 жастағы Бішкек тұрғыны өз ата-анасының қатыгездігіне тап болған. Бұған оның хиджаб киюден бас тартуы себеп болыпты. Ата-ана қызын ұзақ уақыт бойы молдаға күштеп апарып, "жын шығаратын" рәсімдер жасаған.
Жәбірленушінің айтуынша, оны шлангпен ұрып-соғып, жағымсыз иісті сұйықтық құйылған ыдысқа күштеп батырған. Сонымен қатар, ата-анасы қызының бостандығын шектеп, телефонын алып қойып, үйден шығуға рұқсат бермеген. Бойжеткен отбасының бір жылдан бері радикалды діни көзқарастарды ұстанғанын хабарлады.
Бұл жағдай желіде қызу талқыға түсті. "Сезім" орталығының өкілдері қыздың ата-анасымен сөйлескен. Осыдан кейін бойжеткенге хиджаб кимеуге рұқсат беріліпті.