Malim.kz
Спорт

ХОК трансгендер спортшыларға шектеу қоймақ

Арман Қайыпхан
Фото: Анадолу агенттігі

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) әйелдер арасындағы жарыстарға қатысты жаңа саясат қабылдады. Енді мұндай бәсекелерге тек биологиялық әйелдер ғана қатыса алады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл өзгеріс ұйымның ресми сайтында жарияланды. The Telegraph басылымының хабарлауынша, қараша айында ХОК трансгендер спортшылардың әйелдер санатында өнер көрсетуіне тыйым енгізуді көздеп отыр.

Қатысу құқығы SRY генінің бар-жоғын тексеру арқылы анықталады. Бұл ген әдетте әйелдерде болмайды. Тексеру нәтижесіне күмән туындамаса, өмір бойына бір рет қана жүргізіледі.

ХОК президенті Кирсти Ковентри жаңа саясатқа қатысты пікір білдіріп, барлық спортшылардың әділ бәсекеге қатысу құқығы сақталуы тиіс екенін атап өтті.

Оның айтуынша, қабылданған шешім ғылыми зерттеулерге сүйеніп, медициналық сарапшылардың қатысуымен әзірленген.

Олимпиада деңгейінде ең аз айырмашылықтың өзі нәтижеге әсер етуі мүмкін, сондықтан биологиялық ер адамдардың әйелдер санатына қатысуы әділетсіз деп бағаланады.

Сонымен қатар, кейбір спорт түрлерінде бұл қауіпсіздік тұрғысынан да мәселе тудыруы ықтимал.

Жаңа саясат 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындары кезінде, яғни Лос-Анджелесте өтетін додада күшіне енеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары