Malim.kz
Оқиға

Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз қаза тапты

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған иллюстрация

Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханова қаза тапты. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғаны растап, марқұмның жақындарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды Malim.kz.

Tengrinews мәліметінше, қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста. Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Бұл мәселе Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.

Түркияның DHA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында болған.

Агенттік жариялаған алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өткен. Кейін ашық кеңістікті жауып тұрған қалқаның үстіне аяқ басқан болуы мүмкін. Құрылым сынып, ол ғимараттың екінші жерасты қабаты деңгейіне құлаған.

Оқиға орнына полиция мен медицина қызметкерлері шақырылған. Дәрігерлер бойжеткеннің қайтыс болғанын анықтаған. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген.

Бойжеткеннің көрші ғимараттың шатырына не себепті шыққаны әзірге белгісіз. Оқиғаның нақты себептері тергеу барысында анықталады.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары