Сот қызмет барысында қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша күйеуі Әділет Зейнелдің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Бұл туралы Malim.kz kazinform.kz-ке сілтеп хабарлайды. Ол жәбірленуші мәртебесінен бас тартып, бұл құқықты қаза болған әйелінің анасына бергісі келген.
Марқұмның анасы Сәлима Омарова бұған дейін күйеу баласының жәбірленуші болуға «моральдік құқығы жоқ» екенін айтқан болатын. Осыдан кейін Ә.Зейнелдің адвокаты оның іске қатысуын тоқтатуды сұраған.
Алайда судья Меруерт Абаева процеске қатысушылардың пікірін тыңдай келе, қазіргі кезеңде өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарды.
Судьяның түсіндіруінше, негізгі сот талқылауы барысында жауап алынғаннан кейін ғана осындай өтінішпен қайта жүгінуге мүмкіндік бар.
Еске салайық, 2025 жылғы 8 қарашада елордадағы тұрғын үйлердің бірінде қасбеттің қаптамасы мен кондиционер құлап, 5 адам зардап шеккен еді. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан 18 қараша күні көз жұмды.