Malim.kz
Оқиға

Жағажайдан табылған бөтелкенің ішінде 109 жыл бұрын жазылған хаттар болып шықты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

2025 жылдың қазанында жағажайды қоқыстан тазартып жүрген отбасы су жиегінен шыны бөтелке тауып алды. Ішінде су тиген қағаздар бар екен. Қағаздарды кептіріп, абайлап шығарып алған соң, отбасы қарындашпен жазылған хаттарды оқи алды. Екеуіне де 1916 жылғы 15 тамыз деген күн қойылған, деп Malim.kz тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Хаттарды Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанған екі сарбаз жазған. Кеме жолға шыққанына үш күн болғанда, олар жазғандарын бір бөтелкеге салып, теңізге тастаған. Сарбаздардың бірі бөтелкені тауып алған адамнан хатын анасына жеткізуді өтінген. Екіншісі өз жазбасын тапқан адамның өзіне қалдырған.

Анасына хат жазған сарбаз кеменің қатты шайқалғанын, соған қарамастан жолдастарының көңіл күйі жақсы екенін айтқан. Тамақты да мақтаған. Тек бір ас ешкімге ұнамай, оны теңізге тастағандарын әзілмен жазыпты. Сарбаздың өзі майданнан оралмады. Ол 1917 жылы шайқаста қаза тапқан. Екінші хаттың иесі соғыстан аман оралып, кейін балалы болған.

Бөтелкенің жағалауға қашан шыққаны белгісіз. Оны тапқан отбасы шыны ыдыс құм астында ұзақ жатып, қысқы дауылдан кейін бетіне шыққан болуы мүмкін деп болжайды. Олар хаттағы деректерді соғыс мұрағатынан қарап, кейін екі сарбаздың да туыстарын іздеп тапқан.

Сол жылдың қарашасында екі хат та сарбаздардың отбасыларына табысталды. Теңіз үстінде анасына арнап жазылған хат арада 109 жыл өткенде оның әулетіне жетті.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары