Malim.kz
Құқық

Жалған инвестициялық жоба арқылы 620 млн теңге жымқырған күдікті қамауға алынды

Айбын Атабай
Pixabay

Алматыда 270 азаматты алдап, 620 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деген күдікпен "Өмірді сақтандыру" жобасын ұйымдастырған тұлға қамауға алынды. Бұл туралы  Malim.kz.  Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматыда заңсыз инвестициялық қызмет көрсету арқылы жасалған ірі алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлады.

Тергеу мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті "Partners & Consultants" атауымен "Өмірді сақтандыру" жобасын ұйымдастырып, азаматтарға өмірді сақтандыру бағдарламалары мен жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салуды ұсынған. Ол салымшыларға жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген. Азаматтар қаражатты күдіктіге бағынысты "Evroasia Global Investment" АҚ және "Evropa Investment" ЖШС есепшоттарына аударған. Жобаның сенімділігін арттыру үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарға сілтеме жасалған.

Қаражат қолма-қолсыз аударымдар арқылы қабылданып, салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген жалған құжаттар берілген.

Осылайша, 270 азаматқа 620 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Тергеу барысында күдіктінің жымқырылған қаражатқа жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алғаны анықталды. Аталған мүлікке шектеу қойылды. Күдікті қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары