Almaty Museum of Arts пен Halyk Bank арасында Қазақстандағы заманауи өнерді дамытуға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Келісім мәдени жобаларды қолдауға және халықаралық көрмелерді жүзеге асыруға бағытталған деп хабарлайды malim.kz.
Бұл серіктестік Орталық Азиядағы ең ірі заманауи өнер мұражайы мен өңірдің жетекші қаржы институтының күшін біріктіріп, Қазақстандағы бизнес пен мәдени ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруды көздейді.
Меморандум аясында Halyk Bank биыл Almaty Museum of Arts мұражайының негізгі көрмелері, білім беру бағдарламалары және баспа жобаларына бас серіктес ретінде қолдау көрсетеді. Бұл бастама заманауи өнердің өрісін кеңейтіп, мәдени өмірге қатысу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған.
Алғаш болып сөз алған Almaty Museum of Arts негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов мұражай ашылған сәттен бастап оны тек көрме өтетін орын емес, заманауи өнерді дамытатын ірі мәдени орталыққа айналдыру мақсат етілгенін айтты.
“Мұражайды құрған кезде біз оның тек жеке бастамамен шектелмейтін, қоғам үшін ашық әрі маңызды мәдени институт болғанын қаладық. Сондықтан заманауи өнердің дамуына шын мәнінде бейжай қарамайтын серіктестерді іздедік. Halyk Bank-пен серіктестік – осы жолдағы маңызды қадам”, –
деді Нұрлан Смағұлов.
Оның айтуынша, әлемнің көптеген елінде банктер мәдениет пен өнерді қолдауға белсенді қатысады. Қазақстанда да мұндай тәжірибенің қалыптасуы маңызды.
“Біз бұл қолдауды мұражайдың күнделікті шығындарына емес, халықаралық көрмелер ұйымдастыруға, білім беру бағдарламаларына және мәдени жобаларға бағыттаймыз. Соның арқасында Қазақстанға әлемдік деңгейдегі суретшілердің жұмыстарын әкелуге мүмкіндік туады”, –
деді ол.
Смағұловтың айтуынша, мұражай мен Halyk Bank арасындағы байланыс бұрыннан бар және екі ұйымды ұзақ жылдар бойғы әріптестік тәжірибе біріктіреді.
“Бұл – Орталық Азиядағы алғашқы ірі жеке заманауи өнер мұражайы мен Қазақстандағы жетекші банктің ынтымақтастығы. Менің ойымша, мұндай одақ ел мәдениеті үшін маңызды жаңа жобалардың басталуына жол ашады”, –
деді ол.
Ал Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банк мәдениет пен білім саласына инвестиция салуды қоғам алдындағы жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қарайтынын айтты.
“Halyk Bank ұзақ жылдар бойы әлеуметтік және мәдени жобаларды қолдап келеді. Біз білім, медицина, спорт және өнер салаларына миллиардтаған теңге бөлдік. Ал бұл мұражай – Қазақстан мәдениеті үшін ерекше жоба”, –
деді Үміт Шаяхметова.
Ол музеймен алғаш танысқан кезде ерекше әсер алғанын да атап өтті.
“Мұражайға алғаш келгенде оның ауқымы мен идеясына қатты таңғалдым. Бұл жерде үлкен ғимарат қана емес, үлкен еңбек, үлкен махаббат бар. Нұрлан Смағұловтың бұл жобаға қаншалықты жан-тәнімен кіріскені анық көрінеді”, –
деді ол.
Шаяхметованың айтуынша, мұндай мәдени бастамалар елдің халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
“Бүгінде Almaty Museum of Arts тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени визит картасына айналып келеді. Мұндай жобалар елге туристерді тартады, ең бастысы – жастардың өнерге қызығушылығын арттырады”, –
деді банк басшысы.
Оның сөзінше, банк үшін мұражайдың бас серіктесі атану – үлкен жауапкершілік.
“Біз үшін бұл – жай демеушілік емес, елдің мәдени болашағына жасалған инвестиция. Сондықтан бұл бастамаға үлкен қуанышпен қосылдық”, –
деді Үміт Шаяхметова.
Шара барысында Almaty Museum of Arts директоры Татьяна Ходжаева да сөз сөйлеп, мұражайдың қысқа уақыт ішінде халықаралық мәдени кеңістікте өз орнын айқындап үлгергенін айтты.
Оның айтуынша, мұражай 2025 жылдың қыркүйегінде ашылғанына қарамастан, бүгінге дейін 250 мыңнан астам келушіні қабылдаған.
“Мұражай есігі ашылғалы бері біз түрлі жастағы адамдарды, әртүрлі мәдени ортадан келген келушілерді қабылдап келеміз. Біздің бағдарламаларымыз өнермен алғаш танысқан адамдарға да, кәсіби өнер қауымдастығына да қызықты. Қысқа уақыт ішінде біз Tate және Getty Foundation ұйымдарымен бірлескен жобаларды жүзеге асырдық. Halyk Bank-тің қолдауы мұражайдың ел мәдени өміріндегі маңызды рөлін мойындаудың белгісі”, –
деді Татьяна Ходжаева.
Серіктестік аясындағы 2026 жылдың басты жобасы – әйгілі америкалық видеоарт шебері Билл Виоланың көрмесі. “Билл Виола: екі дүние арасы” атты көрме биыл маусымда ашылады.
Билл Виола – ХХ ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы ең ықпалды суретшілердің бірі. Ол бейнежазбаны өнердің маңызды медиумы ретінде жаңа деңгейге көтерген автор ретінде танылған. Оның көрмелері Нью-Йорктегі MoMA, Лондондағы Tate, Бильбаодағы Guggenheim және Париждегі Centre Pompidou сияқты әлемнің жетекші музейлерінде өткен.
Сонымен қатар іс-шарада қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның “Мен бәрін түсінемін” атты жобасы таныстырылды.
Шара аясында журналистерге арнайы танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсияны суретшінің өзі жүргізіп, көрмеге қойылған жұмыстардың идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктері туралы айтып берді. Автор өз шығармаларында тарихи жады, мәдени сәйкестік және адам болмысы тақырыптарының қалай көрініс табатынын түсіндіріп, туындыларының астарындағы философиялық ойларға тоқталды.
Айта кетейік, Halyk Bank – Қазақстандағы ең ірі қаржы институттарының бірі. Банктің жиынтық активтері 20 трлн теңгеден асады және ел экономикасының нақты секторын кредиттеудің 50 пайыздан астамы осы банкке тиесілі. Кейінгі бес жылда банк пен “Halyk” қайырымдылық қоры әлеуметтік жобаларға шамамен 62 млрд теңге бағыттаған.
Almaty Museum of Arts – қазақстандық коллекционер әрі меценат Нұрлан Смағұлов негізін қалаған заманауи өнердің жеке мұражайы. Мәдени орын 2025 жылдың күзінде ашылған. Оның қорында 700-ден астам өнер туындысы бар. Коллекцияда Айша Ғалымбаева, Салихитдин Айтбаев, Рустам Хальфин және Алмагүл Меңлібаева сияқты қазақстандық суретшілердің еңбектерімен қатар, Ричард Серра, Яёи Кусама, Ансельм Кифер және Билл Виола сияқты әлемдік өнер шеберлерінің туындылары сақталған.