Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Луговое ауылында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбай оққа ұшты, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні болған. Туыстарының айтуынша, үй маңында төрт-бес рет оқ атылған. Ауыр жараланған жігіт ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Марқұмның жақындары оған бұған дейін бірнеше рет қоқан-лоқы жасалғанын айтып, қылмысқа басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін деген күдікпен істі жан-жақты тексеруді талап етті. Ал жұбайы қайғылы оқиға алдында Ахметтің белгісіз адамдармен жанжал болғанын айтып, балаларға мұқият болуын ескерткенін жеткізді.
Сондай-ақ отбасы өздеріне мемлекеттік күзет беруді сұрап отыр.
Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті анықталып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланған жоқ.