Malim.kz
Құқық

Жамбыл облысында әйел баласын ұрып, видеосын бұрынғы күйеуіне жіберген

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде әйелдің өз баласын ұрып жатқан видеосы тарады. Желі қолданушыларының айтуынша, әйел өзі түсірген видеоны бұрынғы күйеуіне жіберген. Жағаұстатарлық бұл жағдай Жамбыл облысында болған. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды. 

Алдын ала мәлімет бойынша, әйел видеоны бұрынғы күйеуінен кек алу үшін түсіріп, жіберген. Видеодан оның баланың маңдайы ісіп кеткенін, оны аямайтынын айтып, бетінен ұрып жатқанын көруге болады. 

Тараз қаласының полициясы осы жағдай бойынша тексеру бастады.

“Балаға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Полицияда барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді полиция.

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті баланы ұрып-соғу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

“Балалар Балалар үйіне орналастырылды. Онда олардың қауіпсіздігі, күтімі және қажетті медициналық көмегі толық қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта олар мамандардың бақылауында, жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр”, – деп мәлімдеді ведомство.

Ведомство өкілдері балаларға қатыгездік көрсетуге жол берілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ кінәлі тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады деп сендірді.

Ата-ана құқықтарынан айыру мәселесі Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралады. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары