Malim.kz
Құқық

Жамбыл облысында құлдықта ұсталған оқушының өлімі үшін үкім шықты

Айбын Атабай
Gov.kz

Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірімді суицидке жеткізу дерегі бойынша айыпталғандар сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Бұл – Қазақстанда сирек қаралатын бап бойынша сотқа жеткен істердің бірі, деп хабарлайды Malim.kz.

Тастөбе ауылында болған қайғылы оқиғаға қатысты үкімді Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарды.

Сот дерегінше, 2025 жылдың сәуірінде 15 жастағы жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бастапқыда бұл жағдайды құқық қорғау органдары «сәтсіз махаббат» және «отбасылық мәселелермен» байланыстырған. Алайда прокуратура істі қайта қарап, тереңірек тексеру жүргізген.

Тергеу барысында ауылда жүйелі түрде орын алған «дедовщина» (жас ерекшелігіне қарай қорлау мен күш көрсету арқылы бағындыру – редакция ескертуі) фактілері анықталған. Белгілі болғандай, жоғары сынып оқушылары арасында бейресми иерархия қалыптасып, олар кіші сыныптағы балаларды қорқытып, күш көрсеткен.

Тіпті, жасөспірімдер бір жылдан астам уақыт бойы 22 жастағы ауыл тұрғынына үй салып бергені белгілі болды. Балалар күн сайын кешкі сағат 20:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, негізгі күдікті – 22 жастағы Шыңғыс Әбдібаев. Сонымен қатар, оған 17 жастағы 11-сынып оқушысы мен 16 жастағы 10-сынып оқушысы көмектескен.

Сот шешімімен Әбдібаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласы 5 жылдан жаза алды.

Бұл іс сотқа прокурорлардың табандылығының арқасында жеткені атап өтілді. Себебі бастапқыда істі жабу әрекеттері болған.

Сонымен қатар, оқиғаға байланысты мектеп басшылығы мен құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі де сынға ұшырады. Ауылдағы жағдайдан мектеп әкімшілігі мен учаскелік инспектордың хабардар болғаны айтылды.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға бойынша нақты жауапкершілікке тек мектеп психологы тартылып, қызметінен босатылған. Ал басқа лауазымды тұлғалар тәртіптік жаза алып, кейін қызметтеріне қайта оралған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары