Malim.kz
Оқиға

Жамбыл облысының тұрғыны перзентханада көз жұмды

Айбын Атабай
видеодан скрин

Жамыл облысында сәбиін дүниеге әкелген Салтанат Нышанбай жансатау бөлімінде көз жұмды. Марқұмның туыстары дәрігерлер науқасты босанғанға дейін де, кейін де дұрыс қарамай, салғырттық танытты деп отыр. Бұл туралы Malim.kz. Stan.kz пен 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Салтанаттың жақындарының айтуынша, бұл жағдайға бір ғана адам кінәлі емес.

“Бәрі кезекпен болды. Ол №2 поликлиникадан басталады. Салтанат қарашада тіркелуге екі рет барыпты. Оған “сен жеке кәсіпкерсің” деп айтыпты. “40 мың төлемегенсің” деген қолхат алыпты. Заңды қарастырдым. Онда босанатын, жүкті және ерекше тәуекел тобындағы адамдар, яғни осы үшінші санатқа жататындар, МӘМС жүйесінсіз-ақ қабылдануы тиіс болған”, – дейді марқұмның әпкесі Айнұр Нышанбай.

Емханаға тіркеле алмаған Салтанат Нышанбайдың күн өте аяғы ісіп, өзін жайсыз сезінген жағдайын айтып жазған хаттары да бар екен.

Амалдың жоқтығынан акушер маманның телефонын алып, ақыл-кеңесін сұрап отырған дейді туыстары. Марқұмның анасы перзентхананың дәрігерлері де қызымды дұрыс қарамады деп ашынады.

“Менің қызым қанқысымы жоғары болып келді. Бірақ сепсис болмаған. Осы больницаның кесірінен сепсиске айналып кетіп отыр. Осылардың кесірі деп ойлаймын. Содан кейін ұйқыдан қайтып тұрмады. Енді дәрігерлердің салғырттығынан, операция кезінде салғырт болғаннан сол сепсиске айналып кеткен. Менің қызымды ешкім қайтара алмайды. Бірақ дәрігерлер жазасын алса екен деймін”, – дейді қызынан айырылған ана Гүлзейнеп Тоғызова.

Ақ халаттылар келіншекті кесарь тілігімен босандырып алған. Бір аптадан кейін әйел еc-түссіз қалып, комаға түскен. Бір айдан кейін Салтанат көз жұмған. Ал облыстық перинаталдық орталықтың өкілдері қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр деп қысқа қайырды.

“Қазір қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Соның қорытындысы бойынша шешім қабылданады. Басқа ештеңе айта алмаймын. Күту керек”, – деді Жамбыл облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Жапарқұлова.

Айта кетейік, бірнеше тілді еркін меңгерген Салтанат шетелде білім алған. Марқұмның артында 5 жасар қызы мен 1 айлық сәбиі қалды.

Бұған дейін де Жамбыл облысында ер адам жүкті әйелінің мүрдесін перзентхананың жертөлесінен тауып алған болатын. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары