Malim.kz
Спорт

Жамилә Бақбергенова олимпиадалық салмақ дәрежесіне ауысты

Сабина Асқарқызы
ҰОК

Қазақстан әйелдер күресінің көшбасшысы Жамилә Бақбергенова биыл олимпиадалық салмақ дәрежесіне ауысып, жаңа маусымға тың дайындықпен кіріскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Тәжірибелі спортшы жуырда өткен Қазақстан чемпионатында 68 келіге дейінгі салмақта топ жарып, өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Балуанның айтуынша, ел ішіндегі бәсекелестік деңгейі жылдан-жылға артып келеді. Оның пікірінше, Қазақстан чемпионатында әр спортшы барын салуға тырысады.

«Қазір 68 келіде қалуды жоспарлап отырмын. Бапкерім Нұрсұлтан Теміров те менің бойыма, дене бітіміме дәл осы салмақ қолайлы деп есептейді. Бұл салмақта соңғы рет 2021 жылы күрестім. Кейін егізім Мадина Бақбергенова осы салмақта көш бастап, Азия чемпионы атанды. Сол себепті қайта оралмаған едім. Биылдан бастап олимпиадалық салмақта күресуді жөн көрдім», - деді Жамилә Бақбергенова Olympic.kz сайтына берген сұхбатында.

Спортшы Олимпиадаға дейін уақыт аз қалғанын айтып, алдыңғы циклдегі қателіктерді қайталамауға тырысатынын жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі таңда дайындық процесі өте қарқынды өтіп жатыр. Азия чемпионатынан кейін де ұлттық құрама жаттығуын тоқтатпаған.

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионаты Жамилә үшін сәтті аяқталмады. Алайда балуан бұл жарыс өз кемшіліктерін көруге мүмкіндік бергенін айтады.

«Азия чемпионатында бабымда болдым деп есептеймін. Бірақ белдесу кезінде бір-екі қателік жіберіп қойдым. Қазір сол қателіктермен жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.

Көп жылдан бері халықаралық деңгейде тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан спортшыны алға жетелейтін басты мотивация — әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының алтыны. Сонымен қатар Жамилә рухани қолдауды егізі Мадинадан алатынын атап өтті.

Балуан жанкүйерлердің сенімі мен қолдауы өзіне қосымша күш беретінін жеткізді. Сондай-ақ жаңа салмақ дәрежесіне байланысты жаттығу жүйесіне де өзгерістер енгізілген.

Қазір Жамилә Бақбергенова Моңғолия мен Венгрияда өтетін рейтингтік турнирлерге дайындалып жатыр. Сонымен қатар ұлттық құрама Азия ойындарына дайындықты биылғы қаңтар айынан бастап кеткен. Спортшының биылғы басты мақсаты - Азия ойындары мен әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсету болып отыр. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары