Malim.kz
MALIMet

Жаңа аяқ киім аяқты қажаса не істеу керек?

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Жаңа туфли не кроссовка алғашқы күннен-ақ өкшені қажап, жүруді қиындатуы мүмкін. Мұндайда "киген сайын кеңейеді" деп ауырсынуға шыдай беру теріні жарақаттайды. Аяқты қажалудан қалай қорғауға болады? Malim.kz тілшісі Америкалық дерматология академиясы мен Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі – NHS ұсынымдарын жинақтады.

Ауырсынса, шыдап жүре бермеңіз

Өкше ашып, тері қызара бастаса, аяқ киімді ауыстырып, үйкелісті тоқтатқан дұрыс. Дерматологтардың айтуынша, жайсыздыққа қарамастан жүруді жалғастыру күлдіреуік пайда болуына әкелуі мүмкін.

Аяқ киімнің өлшеміне де мән беріңіз: тым тар үлгі аяқты қысады, ал тым бос аяқ киім жүрген сайын теріге үйкеледі. Екеуі де қажалуға себеп болуы ықтимал.

Жаңа аяқ киімді бірден күні бойы кимеңіз

Жаңа аяқ киімді жұмысқа, тойға немесе ұзақ серуенге шығар алдында қысқа уақыт киіп байқап көріңіз. NHS жаңа аяқ киімді аяққа жайлы болғанша аз уақыттан киюді ұсынады.

Мысалы, алғаш рет үйде киіп жүріп, қай тұсының үйкелетінін байқауға болады. Өкшені қажай бастаса, шешіңіз. Алғашқы күндері өзіңізбен бірге ыңғайлы ауыстыратын аяқ киім алып жүру де пайдалы.

Пластырьді жара шыққан соң ғана жапсырмаңыз

Аяқ киімнің қай жерді қажайтынын білсеңіз, сол тұстағы зақымданбаған теріні алдын ала жұмсақ қорғаныш пластырімен жабуға болады. Ол тері мен аяқ киім арасындағы үйкелісті азайтуға көмектеседі. Пластырь жиырылып, сырғып кетпейтіндей бекітілуі керек.

Дерматологтар үйкелетін аймаққа аздап вазелин жағуды да ұсынады. Бұл – қажалудың алдын алуға арналған тәсіл. Аяқ киім аяқты қатты қысса, оны ауыстыру қажет.

Шұлықты дұрыс таңдаңыз

Жабық аяқ киімге ылғалды сыртқа шығаратын шұлық таңдаған жөн. Аяқ терлеп, шұлық дымқылданса, оны құрғақ жұбына ауыстырыңыз. Ұзақ жүретін күні сөмкеге қосымша шұлық салып алу – қарапайым әрі қолайлы амал.

Күлдіреуік пайда болса, теспеңіз

Іші сұйықтыққа толған күлдіреуікті өз бетіңізше жармаңыз. Оны ақырын жуып, құрғатып, жұмсақ пластырьмен немесе арнайы таңғышпен жабыңыз. NHS мәліметінше, гидроколлоидты пластырь күлдіреуікті қорғап, ауырсынуды азайтуға және жазылуына көмектесе алады.

Күлдіреуік өзі жарылып кетсе, қолыңызды жуып барып күтім жасаңыз. Үстіндегі теріні жұлып алмаңыз. Жара жазылғанша оны қажаған аяқ киімді кимеген дұрыс.

Қай кезде дәрігерге көріну керек?

Жара маңындағы қызару ұлғайса, тері ысып, ісінсе, ірің пайда болса немесе ауырсыну күшейсе, дәрігерге көрініңіз. Бұлар инфекцияның белгілері болуы мүмкін. Күлдіреуік қайта-қайта шыға берсе де, маман кеңесі қажет.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары