Жаңа Конституция жобасының мәтіні «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде, сондай-ақ Конституциялық Соттың ресми сайтында жарияланады, деп хабарлайды Malim.kz.
Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимованың айтуынша, комиссия жұмысы ашық әрі мазмұнды форматта жүргізілуде. Комиссия құрамына заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өкілдерімен қатар ғылыми қауымдастық, азаматтық сектор және медиа өкілдері кіретін барлығы 130 адам қатысуда. Комиссия отырыстары Конституциялық Соттың әлеуметтік желілерінде және «Конституциялық реформа 2026» арнайы Telegram-арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Эльвира Азимова жобаны талқылау барысында түзетулер санына емес, олардың мазмұны мен мәніне басымдық беру маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция адамға бағытталған мемлекеттік модельді көздейді, онда адам, оның құқықтары мен бостандықтары, қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Сондай-ақ құжатта халықтың дәстүрлі құндылықтары, тарихи тәжірибесі, әділеттілік, жауапкершілік және қоғамдық бірлік қағидалары көрініс тапқан.