Malim.kz
Білім-ғылым

Жаңа оқу жылы қарсаңында балалар қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Айбын Атабай
Фото: pixabay.com

Жаңа оқу жылының басталуына орай елімізде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар күшейтілді. Осыған байланысты «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Акция аясында балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Оқу жылы қарсаңында мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының айналасында патрульдік бақылау күшейтіледі.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, белгіленген жылдамдық режимінен аспауға шақырды. Ведомство әсіресе мектептер мен жаяу жүргіншілер өткелдері маңында барынша сақ болудың қажеттігін ескертті.

– Қазіргі уақытта мектептерге жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жай-күйі тексеріліп жатыр. Сонымен қатар мектеп автобустарының техникалық жағдайы мен балаларды тасымалдау талаптарының сақталуы да бақылауға алынған, – деп мәлімдеді ІІМ.

Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді.

Министрлік ата-аналарға балаларға қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп, жолда, мектепте, қоғамдық көлікте және интернет кеңістігінде сақтық шараларын ұстануға үйретуді ұсынды.

ІІМ мәліметінше, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция, ата-ана, педагогтер мен жүргізушілерді қоса алғанда, қоғамның барлық мүшесіне ортақ міндет.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары