Malim.kz
MALIMet

Жаңбырда суланған аяқкиімді бүлдірмей қалай кептіруге болады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz / ЖИ арқылы жасалған

Күзгі жаңбырдан кейін аяқкиімнің сырты кепкенімен, іші дымқыл болып тұрады. Ылғалды сіңіруге кәдімгі қағаз сүлгі көмектеседі. Бірақ оны бір рет салып, ұмытып кетуге болмайды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қалай кептіреді?

Үйге келген соң аяқкиімнің бауын босатып, тілін ашыңыз. Ұлтарағы алынатын болса, шығарып, бөлек кептіріңіз. Сыртындағы су мен лайды материалына сай тазалап алыңыз.

Қағаз сүлгіні умаждап, аяқкиімнің тұмсығына дейін жеткізіп салыңыз. Өте тығыз тықпаламаңыз. Қағаз дымқылданған сайын алып, орнына құрғақ қағаз салыңыз. Mizuno аяқкиім өндірушісі де ұлтарақты бөлек кептіріп, ішіндегі ылғалды газетпен немесе қағаз сүлгімен сіңіруді ұсынады.

Тәсілдің негізгі шарты – суланған қағазды ауыстыру. Дымқыл қағазды ішінде қалдырсаңыз, аяқкиімнің кебуі баяулайды.

Газет қолдануға бола ма?

Болады, бірақ ашық түсті астарға баспа бояуы жұғуы мүмкін. Сондықтан ақ қағаз сүлгі ыңғайлырақ. TOMS өндірушісі де бояу ізін болдырмау үшін ақ қағаз қолдануға кеңес береді.

Батареяға қоймаған дұрыс

Аяқкиімді ыстық батареяға тақап немесе феннің ыстық ауасымен кептіру материалын, желімін зақымдауы мүмкін. Оны құрғақ, ауа жүретін жерде қалдырыңыз. Желдеткіштің салқын ауа ағыны да көмектеседі.

Кебу уақыты аяқкиімнің материалы мен қаншалықты суланғанына байланысты. Ертең киер алдында тұмсығының іші мен ұлтарағы толық кепкенін тексеріңіз.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары