Атырау облысы Жангелдин ауылында жантүршігерлік оқиға салдарынан көз жұмған бір отбасының қабірі көтеріліп, құлпытас орнатылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қайғылы жағдай кезінде Мақсот Мұқанғалиев, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары Наурыз бен Мейрамгүл қаза тапқан болатын. Марқұмдардың бейітін тұрғызу рәсіміне ауыл тұрғындары мен туыстары жиналды.
Жергілікті халық жиналып, Құран бағыштап, марқұмдардың рухына тағзым етті. Олардың айтуынша, бұл оқиға бүкіл ауылға ауыр соққы болып тиген.
КТК телеарнасының тілшісі Жанат Молдашованың мәліметінше, ауыл тұрғындары отбасының қайғылы қазасын терең күйзеліспен қабылдап, бірлесе отырып бейітін көтеруге атсалысқан.
Аталған дерек бойынша тергеу амалдары әлі де жалғасып жатыр.