Malim.kz
Құқық

Заңгер Құрылтайдың қалай жұмыс істейтінін айтты

Айбын Атабай
Конституциялық сот

Заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Құрылтай сайлауы қалай өтетіні және бір палаталы Парламент қалай жұмыс істейтіні жөнінде айтты. Ол бұл жөнінде Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында пікір білдірді , деп хабарлайды Malim.kz.

— Құрылтайда 145 депутат болады. Бәрі де партия жүйесімен келеді. Съездерінде партиялар депутаттыққа ұсынатын азаматтардың тізімін ұсынады. Соның ішінен партиялық тізіммен депутаттар сайланады. Демек, халықтың саяси санасы партияға ауады. Сол себепті, партияның бағдарламасы халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталуы керек, — деді ол.

Сонымен бірге, Үнзила Шапақ Құрылтайға сайланатын депутаттардың ең бірінші қолға алатын жұмысына тоқталды.

— Құрылтайға сайланған депутаттар, ең алдымен, жаңа Конституцияға заңдардың барлыған сәйкестендірумен айналысады. Бұған дейін қабылданған заңдардың ішінде Конституцияны іске асыруға кедергі келтіретін нормалар болмауы керек. Конституция өзі тікелей жұмыс жасағанмен, басқа да заңдар онымен сай болуы тиіс, — деді ол.

Бұдан бөлек, заң ғылымдарының докторы Құрылтай заңдарды үш оқылымда шығаратынын түсіндірді.

— Бұрынғы екі палаталы Парламенттің белгілі сұрыпталу жүйесі бар болатын. Мәжілісте талқыланған мәселе шешімін тауып, Сенатқа жіберілетін немесе кейде шешімі табылмай қалатын. Шешімі табылмаса, бұл мәселені Сенат көтеретін. Түйткілдің шешімі анықталғанға дейін екі палата да жұмыс істейтін. Ал қазір ондай жоқ. Мәселе тек қана Құрылтайда қаралады. Бірақ ерекшелік те бар. Бұрын Мәжілісте және Сенатта екі оқылымнан кейін заң шығатын болса, енді Құрылтайда үш оқылымнан соң шығады. Бірінші оқылымда заңның дайындалған негізгі мәселелері талқыланады. Екінші оқылымда депутаттар тарапынан түскен өзгертулер, толықтырулар, түзетулер талқыланады. Үшінші оқылымда толықтай сараптама жасалады, яғни, Конституцияға, алдынғы қабылданған заңдарға сәйкестігі және өз ішіндегі нормалардың үйлесімділігі т. б. мәселелер қаралады. Демек, Құрылтай жұмысы бұрынғы екі палаталы Парламенттен өзгеше болады. Сол себепті, оған келетін депутаттар өте сауатты, кәсіби тұрғыда білікті болуы керек. Популистік, жалаң әрі өжет сөйлеп, өтіп кетемін деген нәрсе болмайды. Депутаттардың жанында жүретін сарапшыларға қойылатын талаптар да жоғарылайды, — деді ол.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары