Қазақстанда вейптердің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері электронды тұтыну жүйелерінің заңсыз саудасына қатысты 25 дерек тоқтатылып, 276 мыңнан астам вейп тәркіленген. Қазір осы бағытта 37 қылмыстық іс тергеліп, оның 14-і сотқа жолданған.
Астанада вейптердің заңсыз айналымын ұйымдастырған қылмыстық топқа қатысты тергеу жүргізілуде. Агенттіктің мәлімдеуінше, өнімдер қоймаларда сақталып, оларды сату интернет-дүкендер мен мессенджерлер арқылы ұйымдастырылған. Осы заңсыз айналымға пайдаланылған банк шоттары арқылы 3,2 млрд теңгеден астам ақша өткен.
Бұдан бөлек, Қарағанды және Ұлытау облыстарында вейптердің заңсыз саудасын ұйымдастырған азаматтарға қатысты сот үкімдері шығарылған. Қарағанды облысында құны 340 млн теңгеге жуық 30 мыңға жуық вейп тәркіленген.
Қазақстанда вейптерді сату, тарату, әкелу және өндіруге заңмен тыйым салынған. Қылмыстық кодекстің 301-1-бабына сәйкес, вейптерді сату және тарату үшін жаза көзделсе, оларды әкелу немесе өндіру неғұрлым қатаң жауапкершілікке әкеп соғады.