Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлау ісіне қатысты Ішкі істер министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәжілісте өткен брифингте журналистер Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовке Батыс Қазақстан облысындағы резонансты іс туралы сұрақ қойды. Онда аудан әкімдігіне қарасты шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген. Жәбірленушінің туыстары полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартты деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары бұл жағдайды “екі жақтың келісімімен болған” деп бағалаған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл ақпаратты жоққа шығарып, тергеу барысына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, ата-аналардың арызы бойынша қылмыстық іс бұған дейін қозғалған. Тергеуді Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізген. Кейін іс тоқтатылған. Алайда қазір прокуратурамен бірлесіп, істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған.
“Ата-аналардың қосымша уәждерін ескеріп, істі қайта тергеу туралы шешім қабылдадық. Барлық дерек тергеу әрекеттері аясында қайта тексеріледі. Бұған дейін іс қозғалып, мән-жайлар зерттелген, кейін іс тоқтатылған. Жаңа өтініштерден кейін істі қайта жаңғырттық, тергеу жалғасып жатыр”, – деді Санжар Әділов.