Ақтөбеде зейнеткерлердің атына несие рәсімдеген банк менеджері ұсталды, деп хабарлайды Malim.kz turkystan.kz сайтына сілтеп.
Полиция органдарына бірнеше егде жастағы азамат өздерінің атына белгісіз тұлғалар тарапынан несие рәсімделгені туралы арызбен жүгінген.
«Тергеу іс-шаралары барысында банктердің бірінің менеджері несие бойынша төлем операцияларын жүргізу сылтауымен клиенттердің хабарынсыз қарыз рәсімдеп, олардың шоттарынан ақшалай қаражатты шешіп алғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта алты жәбірленуші анықталды. Күдікті өз кінәсін мойындады.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қажетті тергеу әрекеттері атқарылуда.