Malim.kz
Құқық

Желтоқсан оқиғасына қатысушы 40 жылдан соң ақталды

Айбын Атабай
Алтынай Сағындықова / Kazinform

Желтоқсан оқиғасының куәгері Дүйсенғали Бозжігітов биыл жаз айында ғана ақталды. Іс Ақтөбе қаласының № 3 сотында қаралды,-деп хабарлайды kazinform.kz агенттігінің тілшісі Алтынай Сағындықова. 

Арыз беруші Дүйсенғали Бозжігітов болса, мүдделі тұлға ретінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті танылды.

Іс материалына сүйенсек, арыз беруші 1984 жылдың 29-маусымында Гурьев облыстық партия комитетінің жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің саяси экономика мамандығына оқуға барады. Сонымен бірге Мақат локомотив депосы мен оның кәсіподақ комитеті университеттің дайындық курсында оқуға жолдама табыстады.

Сөйтіп Дүйсенғали Бозжігітов алдымен дайындық курсында оқып, 1985 жылы философия — экономика факультетіне қабылданды. Ал 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болды.

— Желтоқсан оқиғасына қазақ жастары қатысты. Оның ішінде ауыл балалары алаңға барды. Энергетика, экономика саласын таңдағандар емес, ауыл шаруашылығы, педагогика факультетінің студенттері жиналды алаңға. 16-желтоқсан күні бір жігіт келіп, митинг болатынын хабарлады. Сол кезде жігіттер не болатынын сұрап жатты жан-жақтан. Өзім топ жетекшісі едім. Мен барсақ оқудан шығарылатынымызды, сотталатынымызды айттым. Ал өзім бардым. 16, 17 және 18 желтоқсан күндері сонда болдым. 17-нен бастап оқу орындарында, жатақханаларда ешкімді шығармады, жібермеді. Бұл бұйрық болды және күзетті күшейтті. 18-желтоқсан күні әскер, арнайы жасақ болды алаңда. Жастар тұрған алаң жан-жақтан қоршалды. Ал мен сол кезде ауруханада жатқан әйеліме барып, кері қайтар жолда сол маңмен жүрдім. Сұрағандарға да солай айттым. Алайда қуыс-қуысты жағалай жүргенде арнайы жасақ ұстап алды. Автобусқа тиегенде милиция қызметкері біздің кесірімізден үш күн жүргенін айтты. Мен «біз үшін емес, қызметің болған соң жүрсің» дедім. Расында солай емес пе? Ол қызметі, жұмысы. Сүйреп алып шығып, темір торға қамап тастады. Фрунзе милиция бөлімінде түні бойы қабырғаға тақап қойып фотоға түсірді. Шыдамай не бүлдіргенімді сұрадым. «Кім айтты? Кім шақырды? Неге бардың?» деген көп сұрақ қойылды. Ешкім айтпағанын, өзім барғанымды ғана қайталадым, — деп еске алды сол күнді желтоқсаншы.

1986 жылы 17 желтоқсан күні алаң лық толды. Милиция қызметкерлерінің де саны артып, жан-жақтан қыспаққа алды. Өрт сөндіру көлігімен су шашты, көзге жарық түсіріп, бас көтертпеді.

Сол шақта жастар да қарап қалмады. Жан-жақтан тас қармап лақтырды. Дүйсенғали Бозжігітов болса өзі туралы хабар 20-желтоқсан күні ауылдағы ата-анасына жеткенін білді. Олар да ескерту айтып, кері қайтпауын сұрады.

Бірақ университет қабырғасындағы бір жиналыста жас жігіттің тағдыры шешілді. Өзі оқудан, факультет деканы жұмыстан шығарылды. Қолдаушы жоқ, тек кінәлі көзқарасты көрді.

Сот кабинетіндегі материалға сүйенсек, желтоқсаншы Дүйсенғали Бозжігітов 1986 жылы 23 желтоқсанда қоғамдық тәртіпті бұзды және милиция қызметкерлері ұстады деген желеумен университеттен шығарғылды. Ол өзін не үшін оқудан шығарғанын білмекке милицияға да барды.

Түсіндірген ешкім жоқ, тек бейтаныс қызметкер Алматыдан кетуін сұрады. Өзіне ғана емес, әйеліне де ескерту жасады. Шынында да Алматыда ерлі-зайыптыны ешкім жұмысқа қабылдамады. Ауылға қайта оралып, жұмыс іздеді, бірақ таппады.

Кейін Ақтөбе қаласына қоныс аударып, жан-жақтан жұмыс сұрады. Арада 5-6 ай өткенде ғана еңбек кітапшасындағы оқудан шығарылғанын хабарлайтын «қара таңбаны» жою үшін жаңа бір жұмыс орнының мөрін бастырып, қолын қойдырып алады.

Әрі-сәрі күй кешіп, теміржол саласында жұмыс істеген соң ерлі-зайыпты Алматыға оралды. 1990 жылы 22 ақпанда университет қайта оқуға қабылдады, студенттік билетін қолына ұстатты. 1993 жылы экономист мамандығын алып шықты.

— Не үшін қайта бардым? Өз құқығымды қорғағым келді. Алматыға оралып, университетке барғанда деканаттағылар мені таппағанын айтты. Бұл мүмкін емес. Кез келген адамның тіркеудегі құжаты арқылы мекенжайын білуге болады. Сол жылы сынақ кітапшасын, студенттік билетті қайтардым. Ал партиялық билетті алмадым. Менің ойымша, күрескер болу үшін білім керек. Өзім күн сайын тіресіп отырамын. Қазақтың қолынан бәрі келетінін дәлелдеп келемін. Жүрген жерімде қазақтың тілін қорғауға тырысамын, — деді ол.

Ақтөбе қаласының № 3 сотында қаралған іс құжатына сүйенсек, оқу бітірген соң да Дүйсенғали Бозжігітов Алматыда қалып, жұмысқа орналаса алмады. Мұны сот отырысына қатысқан екі куәгер де растады.

Сонымен бірге сотта Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 2021 жылы берген анықтамасы да негізгі құжат ретінде саналды. Сонымен қатар Алматы қаласының прокуроры анықтама берді.

Онда Желтоқсан оқиғасына байланысты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танылғаны жазылған. Сот арызды негізді және қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

— Ақтау құжатын алуды 2017 жылы бастадым. Анықтама алдым, адвокат та жалдадым. Өкінбеймін, тек бірдеңе жетіспей тұрады. Жанып тұрған шағымда өмірім күрт өзгерді. Бір күннің ішінде бәрі жоқ болып кетті. Көтеріліске шығу үшін мида, санада бірдеңе болуы керек. Ешкімді айдап алаңға апара алмайсың. Өз сана-сезімімен барады, құқығын саналы қорғайды, — деді ол.

Дүйсенғали Бозжігітов бүгінде зейнеткер. Зейнет демалысына шықса да жұмыс істеп жүр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары