Күзде жылы жемпірге сұраныс артады. Бірақ сүйікті киімнің қалпын сақтау үшін оны дұрыс жуып қана қоймай, дұрыс кептіру де маңызды. Мәселен, су болған жүн жемпірді іліп қою оның созылып, пішінін жоғалтуына әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
1. Алдымен заттаңбасын оқыңыз
Жүн киімнің бәрін бірдей машинаға салуға болмайды. Заттаңбасында машинада жууға рұқсат етілсе, "Жүн" режимін таңдаңыз. Ал тек химиялық тазалауға арналған киімді үйде жууға асықпаңыз. Күтім тәсілін таңдағанда ең алдымен өндірушінің нұсқауын басшылыққа алыңыз.
2. Жуар алдында теріс айналдырыңыз
Жемпірді жуарда ішкі жағын сыртына шығарыңыз. Woolmark бұл тәсіл киімнің сыртқы көрінісін жақсы сақтауға көмектесетінін айтады. Машинада жууға рұқсат етілген жемпірді арнайы кір жуу торына салуға да болады.
3. Жүнге арналған жуғыш зат таңдаңыз
Жүн киімге жұмсақ, бейтарап жуғыш құрал қолайлы. Қолмен жууға рұқсат етілген жемпірді жылымық суға жүнге арналған құрал қосып, шамамен он минут жібітіп, кейін жақсылап шайған жөн. Қаптамадағы мөлшерді және киім заттаңбасындағы талаптарды сақтаңыз.
4. Дымқыл жемпірді ілмеңіз
Су сіңген тоқыма ауырлайды. Оны иықілгішке немесе жіпке ілсеңіз, өз салмағымен төмен тартылып, жеңі мен бойы созылуы мүмкін. Оның орнына тегіс жерге таза, түгі шықпайтын ақ не ашық түсті сүлгі төсеп, жемпірді үстіне жайыңыз. Қатпарларын қолмен ақырын түзеп, бастапқы пішініне келтіріңіз.
5. Батареяға қойып кептірмеңіз
Тез кепсін деп жемпірді ыстық батареяға жаба салмаған дұрыс. Тікелей жылу киімнің кей тұсын зақымдап, түсін өзгертуі мүмкін. Жүн жемпірді күн көзі тік түспейтін жерде, табиғи жолмен кептіріңіз.
6. Шкафқа бүктеп салыңыз
Тоқылған жүн жемпірді ұқыптап бүктеп сақтаған жөн. Кигеннен кейін бір тәулік тынықтыру да жүн талшықтарының бастапқы қалпына келуіне мүмкіндік береді. Ал тамақтың не темекінің иісі сіңсе, бірден жууға асықпай, тегіс жайып желдетіп көруге болады.