Malim.kz
Оқиға

Жер астында 27 сағат: сүйіктісімен үңгірге кірген жігіт үйінді астында қалған

• Алуа Әшірбекова
Фото: нейрожелі арқылы жасалған иллюстрация

Италияның Сардиния аралында үңгірді зерттеуге барған 31 жастағы Лука Ольметто опырылған тастардың астында қалып, шамамен 27 сағаттан кейін тірі шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға 2026 жылғы 11 қазанда болған. Лука үңгірге сүйіктісімен бірге барған. Екеуі сыртқа шығуға жақындағанда үңгірдің төбесі опырылып, жігітті тас пен топырақ басып қалған. Ал бірнеше секундтың арқасында аман қалған қыз оны өз күшімен құтқаруға тырысқан.

Қыз үйіндіні қолымен қазғанымен, тастар қайта құлай бастаған. Сондықтан ол сыртқа шығып, байланыс ұстайтын жер іздеп, көмек шақыруға мәжбүр болған.

Лука шамамен он метр тереңдікте қозғала алмай жатқан. Оны құтқаруға жүзге жуық маман жұмылдырылған. Кез келген сәтте тағы опырылуы мүмкін тар қуыста құтқарушылар тас пен топырақты қолмен аршыған. Жұмыс түні бойы тоқтамаған.

12 қазан күні кешке қарай жігітті жер бетіне алып шыққан. Ол жарақат алғанымен, есін жоғалтпаған. Құтқарылғаннан кейін Лука ауруханаға жеткізілген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары