Malim.kz
Шоу-бизнес

"Жетімсің бе?": Бүркіт жасырын неке қиғаны үшін әкесінен сөз естіген

• Алуа Әшірбекова
Фото: instagram.com/berkut_aibekjan

Танымал әнші Бүркіт Аишамен ата-анасына айтпай неке қидырғанын айтып, әкесінің бұған қалай ренжігенін жеткізді. Өнер иесі "Отец" подкастында отбасын құру тарихымен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Әншінің айтуынша, үйленуге шешім қабылдаған кезде Аишамен танысқанына екі жылға жуық уақыт болған. Сол аралықта ол болашақ жарының "Раба любви" әніне бейнебаян түсірген. Клипті көрген анасы қызды бірден ұнатыпты.

"Анам адамның көзіне қарап, қандай екенін анықтайтын. Бұрын қыздарды көрсетсем: "Жоқ, Айбек, жоқ", — дейтін. Содан соңғы жеті-сегіз жылда ешкімді көрсетпедім. Ал Аишаның бейнебаянын көргенде: "Мынау жақсы қыз ғой", — деді", — деп еске алды Бүркіт.

Анасының бұл сөзін көңіліне түйген әнші кейін достары мен бауырларын ертіп, Аишамен неке қидырған. Алайда ата-анасына алдын ала айтпаған.

Подкаст жүргізушісінің ата-анасының батасын алмай мұндай қадамға қалай барғаны туралы сұрағына әнші сол кезде 34 жаста болғанын алға тартты.

"Мен ересек адам едім. Үйленуім керек болды. Соңғы вагонға секіріп міндім, менен не қалайсыздар? Тіпті соңғы вагонды өзім жалғап алдым", — деп әзілдеді ол.

Неке қиылғаннан кейін Бүркіт беташар күнін белгілеу үшін Таразға барған. Сол сапарда әкесі екеуі ауылға жолға шығып, әнші болған жайтты айтқан. Баласының үйленгенін кейін естіген әкесі қатты ренжіпті.

"Әкем жол бойы ұрысты. "Сен не, жетімсің бе? Неге біз бұл туралы білмейміз? Неге үйленгеніңді айтпадың? Ата-анаң білуі керек қой", — деді", — деп жеткізді әнші.

Өнер иесінің сөзінше, әкесі ауылға барып-қайтқанша осы әрекеті үшін ұрысқан. Ал анасына неке қидырғанын айтқан кезде алда беташардың күнін келісу міндеті тұрған.

Бүркіт кім?

Бүркіт — қазақстандық әнші, композитор, продюсер және актер. Шын есімі — Айбек Жансейітов. Ол 2002 жылдан бастап Бүркіт сахналық атымен жеке шығармашылығын дамытқан. Көпшілікке "На крыльях из серебра", "Медея", "Хабиби" әндерімен танылды. Әншілікпен қатар бейнебаяндар мен кино жобаларына қатысқан. 2009 жылы Аишаның "Раба любви" әнінің музыкасын жазып, бейнебаянының продюсері болған. Кейін екеуі "Островок", "Туған жер", "Асылым" секілді әндерді бірге орындаған.

Өнер иесі режиссер ретінде де жұмыс істейді. 2017 жылы оның "Логово" фильмі жарық көрген. Кейін “Загадай желание” комедиясын түсірген. Сонымен қатар "Өз үйім", "Тойхана", "Менің үлкен қазақ отбасым" жобаларына актер ретінде қатысқан. "Моана" мультфильміндегі Мауи кейіпкерін қазақша дыбыстаған. \

Бүркіттің жұбайы — әнші Аиша, шын есімі Виктория Жансейітова. Өнерлі жұп 2010 жылы шаңырақ көтерген. Олар төрт бала тәрбиелеп отыр: екі ұлы және екі қызы бар. Кіші қызы 2025 жылғы мамырда дүниеге келген.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары