Желіде әйелдің баланы жылу батареясына байлап, бар күшімен ұрып-соққаны түсірілген видео тарады. Мәліметке сәйкес, аталған жағдай Жетісу облысы, Жаркент қаласында болған, деп жазды Sn.kz ақпарат порталы.
Жағдайды Instagram парақшасында журналист Жанар Нұртазина жариялады. Кадрдан әйелдің баланы жылу батареясына байлап, ұрып-соққанын көруге болады.
“Баланы батареяға байлап, бар күшімен соққылайтындай не көрінді сонша? Видеоны жылап жатқан баланың әкесі видеоға түсіріп жіберді. Ал соққылап жатқан сол бүлдіршіннің анасы. Баланы асырауға психикаларың шыдамай ма, тумаңдаршы айналайындар! Ересек екі ақымақтың кесірінен, неге сәби зардап шегуі керек?! Қазір қажет органдарға видеоны жіберіп қойдым. Енді ессіз ата-анаға тек ескертумен шектелмей, қажет шара қолданылса екен”, – деп жазған желі қолданушысы.
Сондай-ақ ол Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваға жүгінген.
“Динара Закиева ханым бұл отбасын тексеріп, балалардың жағдайын бақылауға алсаңыздар. Қажет болса қосымша ақпараттар бар”, – дейді әйел.