Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін өңірде табиғи газға қосылған елді мекендер саны 126-ға жетіп, жалпы газдандыру деңгейі 72 пайызды құрайды.
Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Астанадағы Орталық Коммуникациялар Қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебі кезінде айтты.
Облыс құрылғанға дейін Жетісу аумағында бар болғаны бес елді мекен ғана газбен қамтылған екен.Биыл «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырының құрылысы толық аяқталып, газ инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік туып отыр.
Қазір Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы халқы 152 мыңнан асатын 84 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл жобалар іске асқан жағдайда, 2028 жылға қарай облыста газға қосылған елді мекендер саны 210-ға дейін артпақ.
Газ тұтынудың жыл сайын артуын ескере отырып, жеке инвестициялар есебінен «Алматы – Талдықорған» бағытындағы екінші магистральдық газ құбырын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Сонымен бірге, өңірде ауыз сумен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. 2023–2024 жылдары төрт ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылып, 25 елді мекенде ауыз судың сапасы жақсарған. Ал биыл тағы төрт елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылды.
Қазір облыстағы 329 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Осылайша, ауыз сумен қамту деңгейі 99,9 пайызға жетіп отыр.