Қытайлық цемент зауытына шамамен ширек миллиард теңге айыппұл салынды. Кәсіпорын лицензия берілген аумақтан тыс жерде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргені үшін жауапқа тартылды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.
Жетісу облысы Кербұлақ ауданында орналасқан зауыт бірнеше жыл бұрын ашылған. Кәсіпорын әктас өңдеп, цемент өндіретін заманауи кешен ретінде іске қосылған. Зауыт ашылғалы бері тұрғындардың мазасы қашып. Олар ауыр техниканың салдарынан жолдар бүлініп, үйлер мен егістік алқаптарына шаң қолғанына шағымданған. Сонымен қатар әктас өндірілетін карьердегі жарылыстардан қорыққан жабайы жануарлардың мекенін тастап кеткенін айтқан. Бұл шағымдарға байланысты тексерулер жүргізілген. Жетісу облыстық экология департаменті мен мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы заңбұзушылық анықтап, жағдайдың ойлағаннан әлдейқайда күрделі екенін білген. Зауытқа лицензия 2022 жылы берілген. Алайда ALACEM өзіне тиесілі аумақпен шектелмей, көршілес мемлекет меншігіндегі жерлерде де әктас өндірген.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, заңсыз өндірілген материал көлемі 90 611 текше метр болған. Мәліметке сәйкес, кәсіпорын заңды қызметті бүркемелеп, мемлекеттік ресурстарды белгіленген талаптарды елемей пайдаланған. Қарапайым тілмен айтқанда, өндіріс рұқсат етілмеген аумақта жүргізілген.
Сот отырысында зауыт өкілі кінәні ішінара мойындады. Ол “Жер Инжиниринг компаниясы” ЖШС-нің есебіне сүйеніп, заңбұзушылық көлемі небәрі 31 526 текше метр екенін дәлелдеуге тырысқан. Алайда сот бұл есепті сертификаттың болмауына байланысты қабылдамады.
Іс бойынша түпкілікті шешім шығарылды. Кінә дәлелденіп, келтірілген залал расталды. Айыппұл мөлшері – 264 221 676 теңге.
Егер компания шешімге шағымданбаса, ол 30 күннен кейін заңды күшіне енеді.