Жетісу облысында отбасылық жанжал кезінде ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
Жетісу облысының Текелі қаласында отбасылық жанжал салдарынан ер адамның қаза табуына қатысты оқиға болды. Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпаратты өңірлік полиция департаменті ресми түрде растады. Оқиға 10 маусым, сәрсенбі күні болған.
Тергеу мәліметінше, қайғылы жағдай ерлі-зайыптылардың бірге алкогольдік ішімдік ішіп отырған сәтінде туындаған тұрмыстық жанжал кезінде болған.
«Тергеу барысында өлімге әкелген дене жарақатын бірге ішімдік ішу барысында жұбайы келтіргені анықталды. Барлық мән-жайды объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық істің тергелуі прокуратура органдарының келісімімен бақылауда», – деп хабарлады полиция.
Сот санкциясымен күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторында отыр.