"Қазақмыс" корпорациясының Жезқазған мыс балқыту зауытында жеке блокты газ реттеу пунктінің (БГРП) құрылысы аяқталды. Жоба 1,2 МПа жоғары қысымды магистральға қосылу нүктесін өзгерте отырып, газ құбырын қайта жаңғырту аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа БГРП газдың өндірістік нысандарға тұрақты берілуін қамтамасыз етіп, зауыттың газбен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттырады. Сонымен қатар Жезқазған қаласының газ тарату желісіне түсетін жүктемені азайтады.
Пункт газды тазалауға, есепке алуға және оның қысымын автоматты түрде реттеуге арналған. Негізгі желі газ қысымын 1,2 МПа-дан 0,6 МПа-ға дейін төмендетуге есептелген және сағатына 12 000 текше метрге дейін газ беруге қабілетті. Резервтік желі ретінде сағатына 5 000 текше метр газ өткізу қуаты бар қосымша желі қарастырылған.
Жобаның құны 267 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нысанда іске қосу-баптау жұмысы жүргізілуде. Қажетті рұқсат алынғаннан кейін зауытқа тауарлық газ беру жаңа БГРП арқылы жүзеге асырылады.
Жоба зауытқа негізгі және резервтік желілері бар жеке газ қысымын төмендету жүйесін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл газбен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырып, кәсіпорынның қалалық газ тарату инфрақұрылымына тәуелділігін азайтады.