Malim.kz
Оқиға

Жезқазғанда төрт баланың анасы бірге тұрған азаматтың қолынан қаза тапты

Сабина Асқарқызы
Фото: Getty Images

Жезқазған ауданының Жәйрем кентінде қайғылы жағдай орын алды. 42 жастағы Әйгерім есімді әйел бірге тұрған азаматтың қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.

Жергілікті полиция мәліметінше, әйелге пышақпен 20 рет жарақат салынған. Марқұм – төрт баланың анасы. Үлкені студент болса, екіншісі мектепте үздік оқушы. Кіші екі баланың бірі мүмкіндігі шектеулі, сондықтан Әйгерім оның денсаулығын қалпына келтіруге ерекше көңіл бөлген.

Туыстарының айтуынша, әйел өте мейірімді әрі жанашыр болған. Ал бірге тұрған азамат жұмыс істемей, алкогольге тәуелді болып, бірнеше рет әйелге қол көтеріп, жанжал туғызған. Әйгерім бірнеше рет полицияға шағымданып, қарым-қатынасты тоқтатуға тырысқанымен, қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болмаған.

Қазіргі кезде күдікті ауруханада күзетпен жатыр. Емделген соң ол тергеу изоляторына жеткізіледі. Қылмыстық іс «аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру» бабымен қозғалды. Балалары психологиялық қолдауға мұқтаж, ал туыстары әділ тергеу жүргізілуін талап етуде.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі, сондай-ақ отбасы ішіндегі зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігін тағы бір мәрте көрсетті.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары