Malim.kz
Құқық

ЖИ-ға қатысты жаңа заңнама: танымал дауысты көшіруге тыйым салынады

Айгүл Таңатар
https://ksonline.ru

Жапонияда жасанды интеллект арқылы адамның дауысын рұқсатсыз көшіруге қарсы құқықтық қорғаныс күшейтілмек. Елдің Әділет министрлігі жанындағы сарапшылар тобы жаңа нұсқаулық жобасын ұсынып, танымал адамдардың ғана емес, кез келген азаматтың дауысы оның жеке болмысының бір бөлігі екенін және оны келісімсіз пайдалануға жол берілмеуі тиіс екенін мәлімдеді.

Жобаға сәйкес, егер жасанды интеллект адамның дауысын дәл қайталап, көпшілікке оны сол адамның өзі сөйлеп тұрғандай әсер қалдырса немесе коммерциялық мақсатта пайдаланылса, бұл азаматтық құқықты бұзу ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда жәбірленуші сот арқылы контентті алып тастауды, келтірілген зиянды өтеуді және оның әрі қарай таралуына тыйым салуды талап ете алады. Бұл әзірге заң емес, бірақ жапон соттарының осындай дауларды қарауына құқықтық бағдар болатын ресми ұсыным саналады.

Соңғы жылдары AI көмегімен әншілердің, актерлердің және дубляж шеберлерінің дауыстарын көшіріп, жалған әндер мен бейнероликтер жасау жиілеген. Осыған байланысты Жапония құқықтық олқылықтарды жоюға кірісті. Мұндай тәжірибе алдағы уақытта басқа мемлекеттердің де заңнамасына әсер етуі мүмкін, өйткені әлемнің көптеген елінде адамның дауысын құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесі әлі толық шешілмеген, деп хабарлайды Malim.kz.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары