Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел тарихындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі қолға алынатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы жаңа бастаманы "Халықтық құрылыс" деп атауды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.
28 қазандағы Жолдауында Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қомақты қаржы бағытталатынын айтты. Аталған қаражат елді мекендерді газбен және таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымды дамытуға жұмсалмақ.
"Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек.
Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына "Халықтық құрылыс" деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін.
"Халықтық құрылыс" бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.