Malim.kz
Экономика

«Жомарт» кенішінде қауіпсіздікті бақылаудың заманауи жүйелері енгізіліп жатыр

Айбын Атабай
“Қазақмыс” корпорациясы

«Жомарт» кенішінде қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ауқымды шаралар кешені жүзеге асырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

«Жомарт» кенішіне жұмыс сапары барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаевқа өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру және өндірістік бақылау жүйесін дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаның іске асырылу нәтижесі таныстырылды.

Бүгінгі таңда бағдарлама аясында жоспарланған 45 іс-шараның 39-ы орындалды. Олардың бір бөлігі тұрақты өндірістік қызметке енгізілді, ал қалғаны іске асырудың қорытынды кезеңінде тұр. Қауіпсіздік деңгейін арттыруға және кенішті дамытуға бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 2,7 млрд теңгеден асты.

Қазақстан мен ТМД елдерінің жетекші салалық ұйымдарын тарта отырып ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу жұмысы негізгі бағыттардың бірі болды. 2025-2026 жылдары кен орнының газ режимін, гидрогеологиялық жағдайын, желдету жүйесін және тау жынысы массивінің соққы беру қаупін зерттеуге арналған сегіз кешенді зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесі кәсіпорында жүзеге асырылып жатқан өндірістік тәуекелді бақылауға және оның алдын алуға бағытталған қосымша шараларды әзірлеуге негіз болды.

Заманауи аэрогаздық мониторинг жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды. Кеніштегі атмосфераның жағдайын тәулік бойы бақылау ұйымдастырылып, тау-кен қазбаларының цифрлық жылу картасы енгізілді. Стационарлық датчиктен алынған дерек бірыңғай диспетчерлік орталыққа нақты уақыт режимінде келіп түседі. 

Өндірістік бақылауды күшейту мақсатында кәсіпорын 130 портативті газ талдағыш, 20 сынама алу құрылғысын және өзге де арнайы жабдықтарды сатып алды. Өздігінен жүретін техника автоматты түрде өшіру қызметі бар метан релелерімен жабдықталған, ал кәсіпорынның экспресс-зертханасы кеніш атмосферасының жағдайын жедел талдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар байланыс, позициялау және персоналға хабар беру жүйелерін жаңғырту шаралары жүзеге асырылуда. Кеніште 7 шақырым кабель желісі қалпына келтіріліп, қосымша 15 шақырымнан астам сәулелендіргіш кабель монтаждалды. Бұл жерасты қазбаларын тиісті жүйемен толық қамтамасыз етті. Жерасты қызметкерлерінің барлығы позициялау және апаттық хабарлау құралдарымен қамтылды.

Қауіпсіздік деңгейін арттырудың қосымша құралы ретінде жеке бейнетіркегіштер енгізілуде. Жерасты учаскелерінің жұмыскерлері үшін 74 «Дозор» бейнетіркегіші және оларды қуаттауға, деректерді жүктеуге арналған үш терминал сатып алынды. Жабдық өндірістік үдерісті бейнетіркеуге, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалауға және өндірістік ортаға қосымша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Желдету кешенін дамыту жұмысы жеке бағыт ретінде іске асырылуда. Кәсіпорынның басты желдету қондырғыларына күрделі жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде жүйенің өнімділігі секундына 200 текше метрге артты. Бұл тау-кен қазбаларын желдетуде сенімділікті күшейтті. Сонымен қатар №1 және №2 желдету оқпандарындағы резервтік желдету қондырғыларын жобалау жұмысы жалғасып, газсыздандыру шаралары жүзеге асырылуда және бейінді сараптама ұйымдарының кенішті тұрақты ғылыми-техникалық сүйемелдеуі қамтамасыз етілуде.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе  Мұқан Үңгітбаев өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру компанияның негізгі басымдығы болып қала беретінін атап өтті.

«Жомарт» кенішінде мониторинг жүйесін одан әрі дамыту, желдету инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи бақылау технологияларын енгізу жұмысы жалғаса береді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары