"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановпен және Ұлытау облыс әкімі Есет Байкенмен бірге "Жомарт" кенішіне барды. Жұмыс сапарында қатысушылар өнеркәсіптік қауіпсіздіктің қазіргі жағдайымен, енгізіліп жатқан техникалық шешімдермен және кеніштің өндірістік инфрақұрылымын жаңғырту барысымен танысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Руслан Өскенәлі кеніш атмосферасын бақылауды күшейту, желдету жүйесінің сенімділігін арттыру, тау-кен массивінің жағдайын бақылау және жерасты техникасын заманауи қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтау бағытында атқарылған және қазіргі уақытта іске асырылып жатқан шараларды таныстырды. Сапар барысында қатысушылар өндірістік учаскелерді аралап, жабдықтың жай-күйін көріп, қолданыстағы бақылау жүйесінің жұмысымен танысты.
Кеніш атмосферасын бақылау
Негізгі бағыттардың бірі - кеніш ауасының құрамын үздіксіз бақылау. Стационарлық газ талдағыштар тәулік бойы ауадағы газдың мөлшерін бақылап, датчиктерден алынған ақпаратты нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа жібереді. Сонымен қоса кәсіпорында 130 портативті газ талдағыш қолданылады.
Өздігінен жүретін жерасты техникасына стационарлық газ датчигі – метан-реле орнатылды. Қазіргі таңда 62 техника бірлігі метан деңгейін автоматты бақылау жүйесімен жабдықталды. Метан мөлшері белгіленген шекті деңгейден асып кетсе, жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.
Желдету жүйесін жаңғырту
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты - желдету жүйесінің тиімділігі мен сенімділігін арттыру. Қыркүйек айында Қазақмыс желдету жабдықтарын жаңарту жұмысын жалғастырды. Жоба аясында Korfmann маркалы үш желдету қондырғысы және ВМЭ сериялы алты шахталық желдеткіш сатып алынды. 2026 жылдың соңына дейін тағы үш желдеткіш орнату жоспарланған. Желдету жабдығын жаңартуға салынған инвестицияның жалпы көлемі 306,9 млн теңгені құрады.
Өндірістік қазбаларды жеке желдетуді қамтамасыз етуге арналған үшінші желдету оқпанының құрылысы жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру желдету жүйесінің тұрақтылығын арттырып, кеніштің жекелеген учаскелеріне қажетті ауа алмасу режимін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Цифрлық және геомеханикалық бақылау
Кәсіпорында жұмыскерлердің орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдай кезінде жедел хабарлау жүйесі де жетілдірілуде. Жүйенің жұмысын қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 58 шақырым сәуле таратқыш кабель қолданылады.
2026 жылғы шілдеде кеніште тау-кен массивінің жағдайын геомеханикалық бақылауға арналған бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылды. Жүйе жерасты қазбаларының жағдайындағы өзгерістерді тұрақты түрде бақылауға және алынған деректі инженерлік шешім қабылдау кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Техникалық шешімдер ғылыми-техникалық сүйемелдеумен толықтырылып отырады. Бейінді ұйымдар кеніштегі газ мөлшерін, тау-кен массивінің жай-күйін, желдету жүйесін, гидрогеологиялық жағдайларды және тау-кен жұмысын жүргізу қауіпсіздігіне әсер ететін өзге де факторларды зерттейді. Зерттеу нәтижесі қосымша техникалық шараларды әзірлеу және іске асыру кезінде қолданылады.
Қазақмыс "Жомарт" кенішіндегі өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі атап өткендей, бақылау жүйелерін жетілдіру, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту және жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заманауи техникалық шешімдерді енгізу негізгі міндеттер қатарында.
Бағдарлама аясында барлығы 45 іс-шара қарастырылған, оның 40-ы орындалды. Бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржының жалпы көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды. Қалған іс-шаралар да аяқталу кезеңінде.