11 жылға сотталған Талдықорған қаласының бұрынғы полиция бастығы Марат Күштібаев колониядан Жетісу облысы полиция департаментін сотқа берді. Даудың мәні – бұрынғы полицейге берілген қызметтік пәтер. Іс материалдарын Tengrinews.kz зерттеді деп хабарлайды Malim.kz.
Күштібаевтың отбасын үйден шығару: істің мәні
Талдықорған қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығы, зорлау қылмысы үшін сотталған Марат Күштібаев колониядан өкілі арқылы Жетісу облысы полиция департаментіне қарсы әкімшілік талап арыз түсірді.
Дау Күштібаевтар отбасы 2016 жылдан бері тұрып келе жатқан «Болашақ» шағынауданындағы пәтерге қатысты өрбіді.
Бұрынғы полицей 2023 жылдан бері өзінің тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарамаған полиция департаментінің әрекетсіздігін заңсыз деп тануды талап етті.
Ал оның жұбайы полиция департаментіне отбасын пәтерден шығару жөнінде талап қоюға тыйым салуды сұрады.
Іс материалдарына сәйкес, пәтерде бұрынғы полицейдің жұбайы мен үш баласы тұрады.
Полиция басшысы – «тұрғын үйге мұқтаж»: оқиғалар хронологиясы
2016 жылғы қарашада жергілікті атқарушы орган Марат Күштібаев пен оның отбасына коммуналдық тұрғын үй қорынан «тұрғын үйге мұқтаж» ретінде пәтер берген.
2023 жылғы ақпанда тұрғын үй полиция департаментінің балансына берілді, ал тамыз айында Күштібаев қызметтік тұрғын үйді жалға алу шартын жасасты.
2023 жылғы 25 тамызда ол пәтерді жекешелендіру туралы рапорт тапсырды. Рапорт тіркелгенімен, 2025 жылғы қарашада сотқа талап арыз берілгенге дейін қаралмаған.
Көп ұзамай Марат Күштібаев «мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылық» үшін жұмыстан босатылды. 2023 жылғы қарашада ол өз кабинетінде қызды зорлады деген күдікпен ұсталды. 2024 жылғы сәуірде сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.
Тараптардың уәждері
Сотта Күштібаевтың өкілі оның құқық қорғау органдарында 35 жылдан астам қызмет еткенін атап өтті. Оның айтуынша, теріс себептермен жұмыстан босатылу тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартуға негіз бола алмайды.
Сондай-ақ талап арызда отбасының пәтерге күрделі жөндеу жүргізгені көрсетілген.
«Даулы пәтер талапкерге 2016 жылы жергілікті атқарушы орган тарапынан берілгендіктен, оны ведомстволық тұрғын үй деп санауға болмайды және ол жекешелендіруге жатады. Құқық қорғау органдарынан теріс себептермен жұмыстан босатылу да тұрғын үйді жекешелендіруден бас тартуға негіз болып табылмайды, мұндай норма тұрғын үй заңнамасында қарастырылмаған», – делінген.
Ал Жетісу облысы полиция департаменті пәтердің қызметтік тұрғын үй мәртебесіне ие екенін және Күштібаевтың енді орган қызметкері еместігін алға тартты. Департамент өкілдері тұрғын үйді қызметін жалғастырып жатқан қызметкерлерге беру қажет деп есептейді.
«Талапкер қазіргі уақытта департамент қызметкері емес, сондықтан талап қанағаттандырылмауы тиіс деп санаймыз. Ведомствоның көптеген қызметкерлері тұрғын үйге мұқтаж», – деді сотта департамент өкілі.
Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімі мен әкімдік өкілдері істі соттың қарауына қалдырды. Сондай-ақ Kezekte.kz бірыңғай кезек жүйесінің мәліметіне сәйкес, Күштібаев тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрмаған.
Сот бұрынғы полицейдің жағына шықты
Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты (СМАС) сотталған полицейдің талабын қолдады. Сот полиция департаменті екі жылдан астам уақыт рапортты қарамай, заң бұзғанын мойындады.
Сот шешімінде:
«Жетісу облысы полиция департаментінің 2023 жылғы 25 тамыздағы Күштібаев Марат Әлімқұлұлының тұрғын үйді жекешелендіру туралы рапортын қарау бойынша әрекетсіздігі заңсыз деп танылсын. Полиция департаменті рапортты тұрғын үй комиссиясында қарауға міндеттелсін», – делінген.
Сонымен бірге сот даудың мәні бойынша түпкілікті баға беруден бас тартты.
«Сот құқық қорғау қызметінен теріс себептермен босатылған тұлғаның тұрғын үйді жекешелендіруінің заңдылығы немесе заңсыздығы туралы тараптардың уәждерін талқыламайды. Тұрғын үй комиссиясының шешімі болмағандықтан, мұндай тұжырым жасау ерте», – деп көрсетілген 2025 жылғы 28 қарашадағы шешімде.
Үйден шығаруға тыйым салу әрекеті
Негізгі даумен қатар, Күштібаев пен оның жұбайы сот арқылы полиция департаментіне оларды пәтерден шығару туралы талап қоюға тыйым салуды сұрады.
Алайда 2025 жылғы қазанда Жетісу облысының СМАС бұл талапты негізсіз деп тауып, қанағаттандырудан бас тартты. Талапкерлер бұл шешімге шағым түсіргенімен, 2026 жылғы 21 қаңтарда апелляциялық алқа оны өзгеріссіз қалдырды.
Марат Күштібаевтың ісі туралы
Еске салайық, 2023 жылғы қарашада Талдықорған қаласының полиция бастығы Марат Күштібаев 27 жастағы әйелді зорлады деген күдікпен ұсталған болатын. Жәбірленушінің адвокаты оқиғаның мән-жайын баяндаған. Оның айтуынша, 2023 жылғы 12 қарашада Талдықорған қаласының тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен ішкі істер басқармасына жеткізілген. Тергеушінің кабинетінде жауап берген қыз кейін басқарма басшысының кабинетіне апарылған.
2024 жылғы сәуірдің соңында сот бұрынғы полиция бастығын зорлау қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол марапаттарынан және «полиция полковнигі» арнайы атағынан айырылды.
Жәбірленушіні сатып алу әрекеті
Алайда іс мұнымен аяқталған жоқ. 2025 жылғы ақпанда Көксу аудандық соты Күштібаев ісіне қатысы бар үш адамға – зорлау ісіндегі жәбірленушіге, оның жігітіне және бұрынғы сот хатшысына – әрқайсысына 6 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Анықталғандай, бұрынғы полиция бастығының жұбайы жәбірленушіге айғақтарын өзгерту үшін 40 миллион теңге ұсынған. Ақшаны алған жәбірленуші кейін айғақтарын өзгертуден бас тартқан. Делдал ретінде сот хатшысы әрекет еткен, ал мәмілеге жәбірленушінің жігіті де тартылған.
Күштібаевтың жұбайы полицияға жәбірленушіні алаяқтық жасады деп айыптап, арыз жазған. Тергеушілер «аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырып, сотталғандардан ақшалай өтемақы өндірді.
2025 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет (қазіргі – ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі) Күштібаевтың жұбайына қатысты жәбірленушіні параға сатып алу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Тергеу жалғасуда.