Malim.kz
Білім-ғылым

Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар чатындағы дауға нүкте қойды

Алуа Әшірбекова
Фото: ашық дереккөзден алынған

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің жұмыс уақытынан кейін ата-аналармен байланысуы және ортақ чаттардағы қарым-қатынас мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.​​​​​​​

Министрдің айтуынша, бұл бастама ата-аналар мен педагогтердің байланысына тыйым салуды көздемейді. Негізгі мақсат – екі тараптың қарым-қатынасын белгілі бір тәртіп пен өзара құрметке негіздеу.

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің күнделікті жүктемесіне де тоқталды. Оның сөзінше, педагог орта есеппен күніне алты сабақ өткізіп, бірнеше сыныптағы жүздеген оқушымен жұмыс істейді. Сабақ барысында тақырыпты түсіндіру, тапсырмаларды бақылау, оқушылардың сұрақтарына жауап беру және сыныптағы тәртіпті қадағалау мұғалімнен үлкен күш пен зейінді талап етеді.

Егер бір сыныпта орта есеппен 25 оқушы болса, алты сабақта педагог шамамен 150 баламен тікелей жұмыс істейді. Бұған қоса, сабақ аяқталғаннан кейін мұғалім дәптерлер мен бақылау жұмыстарын тексеріп, келесі күнгі сабаққа дайындалады.

Министр педагогтердің де жұмыс уақыты мен жеке уақыты бар екенін ескеру қажет екенін айтты.

"Егер мұғалімдеріміздің келесі күні балаларымыздың алдына қайтадан сергек, мұқият, сабырлы әрі кәсіби тұрғыда дайын болып шығуын қаласақ, оларға демалып, күш жинауға мүмкіндік беруіміз керек. Сондықтан ата-аналар чаттарына қатысты мәселе – қарым-қатынасқа тыйым салу емес. Бұл – қарапайым өзара құрмет мәселесі", – деді ол.

Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова балаға қатысты шұғыл әрі маңызды жағдай туындаса, мұғалімнің байланысқа шығуға мүмкіндік табатынын атап өтті. Оның сөзінше, ата-аналар чаттарында түсінікті әрі әділ қарым-қатынас ережелерін қалыптастыру маңызды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары