Ақмола облысында хабар-ошарсыз кеткен ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Астана маңындағы Қоянды ауылының тұрғындары көршісінің жұмысқа бармағанын білген соң дабыл қаққан. Кейін оның мотоциклі жол жиегіндегі арықтан табылып, полицияға хабар берілгені белгілі болды.
Көршілерінің айтуынша, ер адам үйінен жұмысқа шығып кеткен. Алайда жұмыс орнына жете алмаған. Осыдан кейін әріптестері хабарласып, оның келмегенін айтқан. Біраз уақыттан соң мотоциклі жұмысқа барар жолдағы арықтан табылған.
«Ол ішімдік ішпейтін, темекі тартпайтын, қыдырмайтын адам еді. Мұндай әрекет оған мүлде тән емес. Жұмысқа келмеген соң, әріптестері хабарласты. Кейін мотоциклі жол бойындағы арықтан табылды», - дейді көршісі.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2 мамыр күні Целиноград ауданында бұған дейін із-түзсіз жоғалған ер адамның мәйіті табылған. Аталған оқиға бойынша өз-өзіне қол жұмсау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Марқұмның артында жары мен төрт баласы қалып отыр.
Осыған дейін Қостанай облысында Алматыға жұмысқа кетіп, хабар-ошарсыз жоғалған 21 жастағы жігітке іздеу жарияланған еді. Кейін еріктілер оның аман-есен табылғанын мәлімдеді.