Malim.kz
Құқық

Жүргізуші куәлігін адал алып па едің? Сатқандар ұсталып жатыр

Ереке Базарқұл
©gov.kz

ҰҚК теріскейдегі біраз мекендерде жүргізуші куәліктерін рәсімдегені үшін сыйақы алғандарды әшкереледі. Бұл туралы мекеменің сайтында жазылыпты.


"2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды" — 

делінген ҰҚК сайтында.
 

Астана қаласында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені белгілі болды.

Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті процестік түрде рәсімделді.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақша алғаны анықталды.

Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
 
 

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары