Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) ҚазТАГ ақпараттық агенттігі басшылығына қарсы қозғалған қылмыстық іске алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды malim.kz тілшісі ҚазТАГ хабарламасына сүйеніп.
«Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) КазТАГ ақпараттық агенттігінің директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновке жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, ертең олардың сотқа шақырту алатынына алаңдаушылық білдіреді. Бұл жағдай танымал журналист Гүлнәр Бажкеноваға дәл осындай айып тағылып, қамауға алынғаннан кейін бір аптадан соң орын алып отыр. Біз Қазақстан билігін жала жабуды декриминализация жасауға және мұндай дауларды тек азаматтық тәртіппен қарастыруға тағы да шақырамыз», –
делінген CPJ дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) – 1981 жылы америкалық тілшілер құрған, журналистер құқығын қорғау және баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған тәуелсіз халықаралық коммерциялық емес ұйым. Нью-Йорк, Вашингтон және Бангкоктағы кеңселері арқылы ұйым әлемнің 120-дан астам еліндегі жағдайды бақылайды: журналистерге жасалған қысым, қудалау, өлтіру, цензура сияқты оқиғаларды қадағалайды, зерттеу жүргізеді, «Attacks on the Press», «Dangerous Assignments» сияқты баяндама жариялайды, сондай-ақ заңгерлік, медициналық көмек көрсетіп, шұғыл эвакуация ұйымдастырады. CPJ қайырымдылық қаражатымен жұмыс істейді, жыл сайын "Баспасөз бостандығы үшін" халықаралық сыйлық тапсырады және түрлі өңірлер бойынша мамандарды жұмылдырады.
Кеше, ҚазТАГ басшыларының үстінен іс қозғалғанын хабарлаған болатынбыз.