Аягөз Ханетова: Теңгені рубль құрсауынан шығаруға тарихи сәт туып тұр

Paperlab ұйымдастырған «Жаңа Қазақстан экономикалық курс: әлеуметтік бетбұрыс әлде популизм?» пікірталасында макроаналитик Аягөз Ханетова Ресейге салынып жатқан санкциялардың Қазақстан экономикасына тигізер әсері мен дағдарыстан шығу жолдары туралы сөз қозғады.

Ақниет Аманжолқызы

  • 07.03.2022

Аягөз Ханетова Қазақстан экономикасына іштен де сырттан да қысым болып тұрғанын айтты. Ішкі қысым Қаңтар оқиғасы, сыртқы қысым көрші мемлекетке салынып жатқан толассыз санкциялар. Ол жаңа құрылған Дағдарысқа қарсы шараларды үйлестіру жеке штабы осы екі қысымға қарамастан, жұмыс жасауы керегін айтты.

«Шахматта цугцванг деген термин бар, яғни қандай жағдайда шешім қабылдасаң да сенің позицияң жақсы жаққа өзгермейді. Құрылған штаб алдында керемет, дұрыс шешім қабылдау деген жолдан бөлек, ең болмаса шығыны аз болатын шешім қабылдау мақсат болып тұрған секілді», -  деді ол.

Сарапшы Ресейге салынған санкциялар бірінші кезекте Қазақстан өнімдерін Еуропаға тасымалдауға кедергі болатынын айтты. Себебі  біздің ел мұнай-газ өнімдерін шетелге сату арқылы ғана қазынаны толықтырып отыр.

«Біз үшін логистикалық қауіп бар. ЕуроОдақ және басқа елдер Ресей үшін өзінің әуе кеңістігін жауып қойды. Үлкен санкциялар салынып жатыр. Оның ішінде Қазақстан мұнайын Ресей арқылы тасымалдауға қауіп төнеді. Теңіз-мұнай компаниясының өнімдерін Новороссийск порты арқылы тасимыз. 28 ақпан күні  бұл порт санкцияға ілікті деген ақпарат шықты. Порт санкцияға ілінбеген күннің өзінде оның акциясының 31 пайызы Ресейге, 21 пайызы Қазақстанға, қалғаны компанияларға тиесілі. Демек, Ресейге салынған санкция автоматты түрде портқа да әсер етеді», - деді Ханетова.

Одан бөлек, тас жол мен теміржол арқылы Қазақстан өнімдерін тасымалдау да Ресей территориясы арқылы өтеді. Жалпы алғанда экспортталатын мұнайдың 70 пайызы шетелдерге Ресей арқылы жететін еді. 30 пайызы Қытай мен Ақтау порты арқылы тарайды.

Оқи отырыңыз: Бізге бір емес, екі түрлі санкция салынуы мүмкін - экономист

Маманның сөзіне сүйенсек, қазір Ресейден келетін құрылыс заттарының қымбаттауы әсерінен жылжымайтын мүлік бағасы да өсетін болады.

Ханетова рубль құлдырауы салдарынан Қазақстанда Ресей өнімдері арзан бағамен сатылып, отандық өндірушілер шығынға батады деген пікірмен келіспейтінін айтты. Себебі Ресей алдымен өз нарығын толтырып алуы керек.

«Ресей ауыл шаруашылығы дақылдарын, мысалы, картоп, сәбіз, пияз сынды өнімдерді егу үшін олардың тұқымдарын импорттан алады екен. Дәл қазір оларға импорт жабық. Демек олар бұл өнімдерді өздерінде аз өсіруге мәжбүр. Біздің нарыққа да әкелетін өнімі азаяды. Олардың бірінші проблемасы өз нарығын қамтамасыз ету», - деді ол.

Ханетова ВТБ және Альфа банктердің Сбербанкпен салыстырғанда Қазақстан қаржы секторындағы үлесі аз екенін, ал Сбер біздің жүйе құраушы банктер қатарында екенін атап өтті. Бұл банкке төнген тәуекелділік қауіптері біздің Ұлттық банкке біраз бас ауруын алып келеді.

Маманның сөзінше, қаржы нарығына төніп тұрған қауіп бір жағынан теңгені рубль құрсауынан шығаруға көмектесуі мүмкін.

«Рубльдің құлдырауы салдарынан теңгенің де құлдырап жатқанын көріп жатырмыз. Өйткені Ресей біздің сауда-саттықтағы нөмірі бірінші серігіміз. 2021 жылғы деректерге сәйкес,  бізге сырттан келетін тауарлардың 42 пайызы Ресейге тиесілі екен. Дәл қазір оны басқа елмен ауыстыра салу мүмкіндігі де жоқ. Демек теңгенің құлдырауы ішкі фактордан гөрі сыртқы факторға тәуелді. Еуроазиялық экономикалық одақ аясында Ресейдің біздің экономикамызға әсері қатты артты. Бірақ дәл қазір бізге рубльден алшақтауға керемет тарихи сәт туып тұр. Ресейдің тауарлары арзандап біздің нарықты жаулап алады деген тәуекелден қорықпай паритетті түсіру керек. Сонда біз төл валютамызға қолдау көрсетеміз», - деді ол.

Қазір Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5 пайызға дейін көтерді. Сарапшы бұл да теңгені қолдаудың бір жолы екенін айтады. Алайда бұл әрекеттің нақты қандай нәтиже беретінін кейін белгілі болмақ.

22 ақпан күні Ресей президенті Владимир Путин Украинаға тиесілі "сепаратистік" мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындады.

24 ақпан күні оларға қауіп төніп тұр деген желеумен Украина қалаларын бомбалап, әскери "іс-қимылдарды" бастады. Бұл әрекетті ресми Киевпен әлемнің көптеген елдері "соғыс" деп бағалады. Қарулы қақтығыстар әлі де жалғасып жатыр.

Қазақстан президенті екі елді бейбіт келісімге келуге шақырды. Алайда біздің ел БҰҰ Ресейге қарсы қабылдаған резолюцияға қосылған жоқ.

Қазақстан азаматтары елдегі Украина елшілігі арқылы соғыс аймағына гумарнитарлық көмек жіберіп жатыр.

Фото: PaperLab

Байланысты жаналықтар

Грузия президенті «шетелдік агенттер» туралы заңға қол қоюдан бас тартты

20.05.2024

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

20.05.2024

Fitch Ratings еліміздің кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде бағалады

18.05.2024

Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

17.05.2024

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

17.05.2024

Еліміздегі мешіттердің бірінде тағы да бүлік шықты (ВИДЕО)

17.05.2024
MalimBlocks
Грузия президенті «шетелдік агенттер» туралы заңға қол қоюдан бас тартты

Зурабишвили бұған басынан қарсылығын білдірген.

Балқаш көліндегі су деңгейі 8 см-ге көтерілді

Кө1 сәуірде 174 см-ге жеткен еді.

Fitch Ratings еліміздің кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде бағалады

Оған валюталық резерв пен мемлекеттік борыштың төмендігі ықпал еткен

Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы пікір білдірді.

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр.

Еліміздегі мешіттердің бірінде тағы да бүлік шықты (ВИДЕО)

Діни бүлікшілер артында кім тұр?