Украина ақындары: «Балаларымыздың шырылы – құмарларың ба қанбаған?»

Көрнекті ақын  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!

Олжас Қасым

  • 03.03.2022

       

              Әйгілі жазушы Владимир Набоковтың «Машенька» романының кейіпкері айтатын бір ғажап сөзі бар еді. «Франция – бұралаң, Ресей – құйтырқы сызық» дейді Альферов. «Құйтырқы сызық» елі Украинаға қарсы соғыс ашқалы аз күн өткен жоқ. Қарулы күшпен алам деген Путин Украинаның рухы мен айласынан жеңіліс тауып жатыр. Шарасы таусылған Кремль көсемі ядролық қару қолдануды құп көріп отыр.


Ел басына күн туған сын сағаттарда Украинаның экс-президенттері, әнші-актерлері, тіпті сұлулық сайысының жеңімпаз қыздары да қолына қару алып майданға шықты. Бұл соғыс кімнің рухы мықты, сол басым түсетінін анық көрсетті, бізге. Осы ретте сөз жоқ, қолына қалам алған ақындардың жыры да жауынгерлерге батылдық сыйлап отыр.  Бастапқы кезде қолдау көрсетеміз деген АҚШ, Еуропа елдері көмек қолын соза қоймағанын көрдік. Украина жалғыз өзі қалып, дүмі мықты  империямен бетпе-бет келді.  Сол шақта украинның көрнекті ақыны  Александр Кабанов «Менің Украинамды жалғыз қалдырыңдар!» деп жалынды поэзиясымен жаһанға үн қатты.  Екі мағынасында да жүрегіңді осып түсетін тіркес!  Ақын  әлем өзгеріске түсті деп ойлап отырғандарға тосын жауап береді. «Әлем өзгерген жоқ, әлем бізге қарай бұрылды» дейді ол.  Иә, Украина жаһанды жайлап бара жатқан диктаторлық жүйені күйретіп, империялық жауыздықтың уысында жатқан елдерге қарсы майдан ашуға болатынын көрсетіп бергендей.

 
Қаламгердің соғыс жағдайын ұзақ құстарына арналған өлеңі дәлме дәл бейнелейді.  Ол көңілсіз нотадағы жырын «ұзақ құсының тізбектеле ұшқан көрінісі естеріңде ме?» деген сауалмен бастайды. Ақынның айтуынша, бұл сурет  Папуас халықтарына арналған кеңестік оқулықта бейнеленген картинаны еске түсіреді. Саяси үрдістерге байланысты Папуасия халқының саны азайып, бүгінде 3 млн ғана қалған. Тоз-тозы шығып, бір бөлігі Жаңа Гвинеяға, енді бір тобы Индонезияға тұрақтаған. Кабановтың емеурінінен біз де осы қауым сияқты тарыдай шашырап, елдігімізден айрылып қалмаймыз ба деген алаңдаушылықты байқаймыз.  Үздіксіз атылған оқ, дамылсыз жарылған бомба үнінен қанаттылар ұясын тастай салып, үркіп қашты дейді азалы жыр. Бейбіт күнде бір-бірінен ажырамайтын құстардың қазіргі беймаза күйінен тыныштығынан айрылған Украинаның бұлдыр үмітін көргендей боласыз. Тура Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдағын» оқығандағы сезім бойды билеп алады.  Құс тағдырлы ұлттардың алдағы күні не болмақ деп қалың да тұманды ойға берілесіз.

  
Кремльдің шабуылынан болған трагедиялық жағдай кәсіби музыкант Монатикті де бей-жай қалдырмады. Өнер адамының өлең жазатынын да бұрын білетін едік. Монатиктің бұл жолы жазған азалы жыры жарты әлемнің жүрегін қарс айырғандай болды.   «Сіз мұны қалайсыз ба, Орыс билігі» деп басталатын өлеңді қайғыдан қан жұтқан елдің жан сөзі деп қабылдадық. Мұңнан өріліп шыққан жырдан үзінді келтірейік.  
«Сезілді ме елдің дірілі, 
Орыс билігі оңбаған?  
Балаларымыздың шырылы,
Құмарларың ба қанбаған?  

Бомба мен оқтың үнінен, 
Үй-күйін тастай безгендер.
Үрейдің сөйлеп тілімен,
Қаланы жылап, кезгендер. 

Қан сасып қалды дала бар, 
Түнеріп әлем қарайды? 
Катакомбалардағы қалалар, 
Армандарың ба талайғы?»  (Еркін аударма. О.Қ)

Украинаның даңқты перзенті «туған елімде отырып, өлеңді орыс тілінде жазуға мәжбүрмін» дейді. Себебі, Ресейде менің үнімді біреулер ести ме деп үміттенеді.  Өздерін «оқпен, қорқынышпен, өліммен тамақтандырған» Орыс билігіне лағынет айтады. Ақын сөз соңында «Ресейде жақсы адамдар бар екенін білеміз, олар осы айқастың тоқтауына жол ашады» деп те жазады. Расымен де Ресейде диктатор Путиннің шалыс басқан қадамын айыптап, дүркін-дүркін митингке шығып жатқандар аз емес. Әлем саясаткерлері Ресей өзі ішінен іріп-шіріп тынады деген болжам айтып отыр. Кремльдің солақай саясаты сол күнге  қарай бара жатқан сыңайлы.  


             Осы тұста Украинаның жас ақыны Ольга Цвирко  «Соғысты тоқтатыңдар» деген жалынышқа, дәрменсіздікке толы өлеңін жарияға шығарды.  Цвирко адамдар жан жүрегін жаралаған  жарылыстан, дүмпуден  үрейленеді деп әлемге сәлемін жолдапты.    Жер шарына бейбітшілік, тыныштық   сыйлағым келеді деп өреді ол өрімтал өлеңін. Бірақ тамыры бір көршісі  әлемнің тілін алмай отырғанда, жаңа өспірім, көкөрім жастың тілегін  қай құлағына қыстырсын?! Алайда елінің рухы мен қаламына ғана сүйенген ақын қып-қызыл қанға бөккен Отанын, бейбітшіліктің ақ түсімен бояғысы келетінін аңғарамыз. Қаламгер жырлағандай, жан мезгілсіз, гүл мезгілсіз солмауы үшін жер-жаһан қанқұйлы соғысты тоқтатуы керек.  

 

Қазір Украинаның жер-жерінде, автобустары мен траллейбустарында әйгілі ұлт ақыны Тарас Шевченконың «Катерина» поэмасы оқылып жатыр. Зұлымдыққа қарсы соғысу үшін асылында қару-жарақ қана емес, рухты жыр, қайраткер ақындардың маңызы алабөтен. Шайыр шығармасында  орыс офицерінен қорлық көрген Катерина арудың трагедиялық өлімі туралы жазылғаны мәлім. Бұл поэмада Тарас Шевченко Катеринаның ғана емес, өз халқының аянышты тағдырын арқау етті.

 
Қазіргі Украина Тарас ақынның айдауда, сүргінде жүріп жазған мына бір өксікке толы өлеңінің ішінде тұрған сынды. Ақындардың жырлары да осы шумақтың аясына сыйып кеткендей.   
«Жалғыз ғана бір жер емес,
Барлық өлке-жерімде:
Сұмдардан ел киген қамыт,
Бас ұсынған өлімге».  

 

Олжас ҚАСЫМ            
 

Байланысты жаналықтар

Амангелді Құрметұлы: Украина Қырым көпірін құлатуды жоспарлап отыр

30.04.2024

Ұлыбритания Украинаға 500 миллион фунт стерлинг пен ең ірі әскери көмек пакетін береді

23.04.2024

Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне іздеу жариялады

04.03.2024

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

09.02.2024

Алтайдың мөлдір тамшысы

14.10.2023

Ресейдің 300 миллирд доллары Украинаның дамуына жұмсалуы мүмкін

11.08.2023
MalimBlocks
Амангелді Құрметұлы: Украина Қырым көпірін құлатуды жоспарлап отыр

Өйткені, Қырым көпірін құлатпайынша, майдандағы әскерге жеткізілетін қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешек легін тоқтату қиын.

Ұлыбритания Украинаға 500 миллион фунт стерлинг пен ең ірі әскери көмек пакетін береді

BBC хабарлауынша, мұндай шешім қабылданғаны туралы Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак 24 сәуірге жоспарланған Польшаға сапары барысында мәлімдемек.

Ресей Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне іздеу жариялады

Мұқағали жырлары неге өміршең?!

Бейне бір бағзы мен бүгіннің арасында жүргендей, шаңқай түсте ымыртқа кіргендей, қырғын-дулы ортадан қорымға тап болғандай бейдауа күйге түсесің

Алтайдың мөлдір тамшысы

Бақытжанның өлеңдерін оқысаңыз, жаныңыздың сәулесі өзіңізден шығып, айналаны да жылыта алады

Ресейдің 300 миллирд доллары Украинаның дамуына жұмсалуы мүмкін

Соғыс басталғалы тоғыз миллионға жуық азамат Украинадан шетелге кеткен.