Амангелді Құрметұлы: Украина Қырым көпірін құлатуды жоспарлап отыр

Өйткені, Қырым көпірін құлатпайынша, майдандағы әскерге жеткізілетін қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешек легін тоқтату қиын.

Өркен Жоямерген

  • 30.04.2024

Ресей мен Укриана арасындағы соғыс жалғасып жатыр. Өткен аптада АҚШ президенті Джо Байден Украинаға көмек ретінде 61 миллиард доллар бөлу туралы құжатқа қол қойды. Ұлыбритания бастаған Батыс мемлекеттері де Украинаға қаржылай және қару-жарақ түрінде жәрдем беріп отыр. Ал осы қыруар қаржы мен сан түрлі қару соғыс бағытын өзгерте ала ма?

Malim.kz майдандағы соңғы жағдайды білу мақсатында әскери сарапшы Амангелді Құрметұлына бірнеше сұрақ қойды.

-    Жылда көктем мен жаз жақындағанда Украина мен Ресей соғысына қатысты бір тараптың шабуылға шығатыны айтылады. Биыл шабуыл бола ма?

-    Ресей мамыр айында қарсы шабуылға шығады деген ақпарат тарады. Бірақ олардың шабуыл үшін қажетті қандай резервті, қай жерде екені белгісіз.

Украина мен Батыс барлау құрылымдарының мәліметіне қарасақ, әзірге Ресейдің қуатты резерв күшін ұстап отырғаны байқалмайды. Демек, Ресей шабуылға қазіргі жинақталып тұрған әскерімен шығуы мүмкін. Ал онымен шабуылдау, меніңше, айтарлықтай тиімді емес. Сондықтан осы жазда да «ана шепті бұзды, мына шептен шабуылдады» деген сыңайдағы хабарлар жарияланатын сияқты. 

Былтыр Украина шабуылдайтыны айтылған. Олар солай етті де. Алайда шабуыл нәтижелі болмады. Қазір, керісінше, Авдеевка маңында орыс әскерінің алға жылжығаны байқалады. Қателеспесем, Украина территориясына 5 шақырымдай енді. Соның негізінде бір мүйіс пайда болды. Бәлкім, Украина осы мүйісті жоюға барын салатын болар. Позициялық ұрыстар жалғасады, - дейді әскери сарапшы. 

Украина бір, Ресей он снаряд атады

-    Қазіргі Украина мен Ресейдің қару-жарақ қауқары қандай?

-    Әлбетте, өндіріс қуаты жағынан Ресейдің қауқары мықты екенін ескеру керек. Ол мейлі, заманауи, Батыстың үлгісіндегі техникалар жасай алмағанымен, танк, зеңбірек, снаряд, тағы басқа қару-жарақ пен ауыр техниканы өздері шығара алады. Оның үстіне, қайбір жолы Ресей Солтүстік Кореядан біршама снаряд алды. «Шахид» шабуылдаушы дронын пайдалануда Иранның да көмегін көрді. Сол тұрғыдан Ресейдің басымдығы бар. 

Қазірде «майдан даласында украиналықтар бір снаряд атса, ресейліктер он снаряд атады» деген әңгіме шықты. Оны Владимир Зеленский де, украиналық қолбасшылар да айтқан. Бұл Укриана үшін артилериялық дуэль тұрғысынан қолайлы жағдай емес. Енді АҚШ беретін қару-жарақ көмегінен кейін баланс біршама қалпына келуі ықтимал. Бірақ әзірге украиналықтардың басымдыққа ие болу мүмкіндігі аздау. Демография және өнеркәсіп тұрғысынан біршама әлсіз. Өйткені, қалай дегенмен, Ресей тым үлкен ел. Демографиялық жағдайы Украинамен салыстырғанда үш-төр есе алда. Шаруашылығы да сондай. 

Әлбетте, Ресейді Батыс үлгісіндегі F-35 ұшағын жасай алмайды деп менсінбеуге болады. Десе де, бұған дейін айтқанымыздай, айына бірді-екілі ұшақ, он-жиырма танк құрастырса да, оны өздері жасап жатыр. Ал Украина болса, ондай техникаларды шет елден сұрап отыр. Мысалы, бүгінде Украинаның танк паркі біршама әлсіреді. Былтырғы Абрамс, Леопард, СВ-90 сияқты бронды көліктердің көбі Батыс елдері берген көмек арқасында қалыптасқан еді. Яғни, дәл қару-жарақ өнеркәсібі тұрғысынан қарастырғанда, Украина, өкінішке қарай, әлсіздеу, - дейді Амангелді Құрметұлы.

Оқи отырыңыз: Ресейде сотталған қазақстандықтар Украинаға қарсы соғысқа қатысып жатыр ма

Көмек тізімі жасалмады

-    Соңғы кезде АҚШ, Ұлыбритания бастаған мемлекеттер Украинаға көп көлемде көмек беретіні айтылып жатыр. Бұл қандай жәрдем болды екен? 

-    Өткен аптада АҚШ конгрессі өкілдер палатасы Украинаға құны 61 миллиард доллар болатын көмек беру туралы шешім қабылдады. Одан кейін заңды сенат бекітті. Президент Джо Байден құжатты мақұлдап, қол қойды. «Алғашқы көмек Польшаға жеткізілген немесе Германия маңында жинақталып жатыр» деген ақпарат та шықты. 

Оның ішінде, 155 мм минометтер, NASAMS, Patriot, HIMARS жүйелерінің зейнеттік және кешенді зымыраны болады деп жатыр. Бұлардың кейбірі 300 шақырымға дейін ұшады. Міне, осындай қару-жарақтар бар. Радио-электронды күрес һәм байланыс құралдары да берілетіні айтылды. 

Одан бөлек, Пентагон қосымша 6 миллиард доллардың қару-жарағын беруге шешім қабылдады. Келесі аптада тағы да 1 миллиард доллардың көмегі қарастырылуы мүмкін. 

Жалпы, бұл жерде айтарлықтай жаңа ештеңе жоқ. Сол, бұған дейін берілген снаряд, мина, оқ-дәрі сияқты қару-жарақтар. Әрине, көмекпен Javelin сияқты жаяу әскер қолданатын қарулардың оқ-дәрісі болуы мүмкін. Негізі, нақты қандай көмек берілетіні жайлы тізімді ешкім жасай қойған жоқ. Бұл долбар ғана.  

Әлбетте, мұның өзі аз көмек емес. Бірақ аталған көмек 6 айдай кешігіп қалды. Оның зардабы да болды, - дейді журналист.

Батыс берген қару-жарақ соғыстың бет-алысын өзгертпейді

-    АҚШ пен Батыс елдері беріп жатқан қару-жарақ түріндегі көмек соғыс бағытын қаншалықты өзгерте алады?

-    Меніңше, аталған көмек соғыстың бет алысын айтарлықтай өзгертуге ықпал ете алмайды. Дегенмен, кейбір бағыттарда майданды тұрақтандыруға, алға жылжыған орыс әскерін талқандап, бұрынғы позициясына шегіндіруге ықпал етуі мүмкін. Ал берілген қару-жарақ Ресейді Украина жерінен толықтай қуып шығуға жетпейді. Өйткені, ол үшін әлдеқайда көп техника, қару керек. Өз басым көмек майдандағы жағдайды біршама тұрақтандырып, алдағы уақытта Украинаның Ресей жерінде түрлі қарсы соққы ұйымдастыруына мүмкіндік береді деп ойлаймын. Яғни, мұнай өңдеу зауыттарына, әуежайларға және басқа ірі өндіріс ошақтарына дрон шабуылы арқылы диверсиялық соққылар жасалуы бек мүмкін. 

Ең бастысы теңіз дрондары, зымырандар арқылы қайтсе де, «Қырым көпірін құлатуды көздейтін болуы керек» деген болжамым бар. Өйткені, Қырым көпірін құлатпайынша, майдандағы әскерге жеткізілетін қару-жарақ, оқ-дәрі, киім-кешек легін тоқтату қиын. Әскерге қажетті затты құрлықтан гөрі, Қырым көпірі арқылы тасымалдаған әлдеқайда жеңіл әрі тиімді. Сондықтан Украина бірнеше айдың ішінде, маусымда немесе шілдеде, бәлкім, күзге дейін «Қырым көпірін құлатамыз» деген позициямен жұмыс істеп жатқан сияқты. 

Қырым көпірін құлатқаннан кейін, Қырым түбегі біршама жартылай қоршауда қалады. Позициялық ұрыстар жалғасады. Маған Украинада Мелитополь, Мариуполь немесе Бердянскіні азат етеміз дейтіндей ірі жоспар жоқ сияқты болып көрінеді. Ал ондай жоспар құру үшін, әлбетте, «Темір жұдырық» дейтіндей деңгейде қуатты, кемінде үш армиялық корпус жасақталуы керек. Ондай ресурс Украинада әзірге болмай тұр, - дейді әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.

Өркен ЖОЯМЕРГЕН

Фото: видеодан скрин

Байланысты жаналықтар

Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

17.05.2024

Әйелдер билікті алып, еркектер үйкүшік болып қалды – Қалдыбек Құрманәлі

17.05.2024

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

17.05.2024

Бишімбаев мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін бе – Әділет министрлігі пікір білдірді

16.05.2024

Бағдат Мусиннің үстінен қылмыстық іс қозғалды ма: Антикор жауап берді

15.05.2024

«Мақтауға әбден лайық». Айжан Аймағанова Бишімбаев қылмысын ашқан маңызды адамды атады

15.05.2024
MalimBlocks
Жұрт Алматы және Астана әуежайындағы бағаларға шағымданып жатыр

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы пікір білдірді.

Әйелдер билікті алып, еркектер үйкүшік болып қалды – Қалдыбек Құрманәлі

Психологтарды әбден тыңдап алған.

Су тасқынынан зардап шеккен 202 отбасы тұрғын үй мен пәтерлер алды

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 658 жаңа үй салынып жатыр.

Бишімбаев мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін бе – Әділет министрлігі пікір білдірді

Бұл жазасын өтеп жатқан адам жақсы тәртібімен көзге түскен жағдайда мүмкін болады.

Бағдат Мусиннің үстінен қылмыстық іс қозғалды ма: Антикор жауап берді

Ол 30 сәуірде қызметінен босатылды.

«Мақтауға әбден лайық». Айжан Аймағанова Бишімбаев қылмысын ашқан маңызды адамды атады

Бишімбаев ісіндегі прокурорлар мен адвокаттар көптің алғысын алып жатыр.