Үкімет қазіргі саяси мақсаты үшін болашақты құрбан етеді – Марат Шибұтов
Бұған дейін саясаттанушы Марат Шибұтовтың «Ресей энергиясына тәуелділік: мұнай өңдеу зауыттарына отандық мұнай жетпейді» деген пікірін жариялаған едік. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарына мұнайдың аз берілетіндігін айтып, Ресей энергиясына тәуелділіктен құтылу үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарын дамыту қажеттігін айтқан болатын. Ол өзінің телеграмдағы арнасында тағы бір пікірін айтты. Өзінің жазбасында бензин бағасын еркін нарыққа шығару – елімізді энергияға тәуелділіктен арылтатын жол деп санайды.
Біздің Үкіметтің жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблемасы – болашақты қазіргі саяси мақсаттар үшін құрбан ету, яғни жақсы көріну және әлеуметтік желілерде сынаққа ұшырамау үшін дұрыс шешім қабылдамау. Соның салдарынан еліміз қазір көп қаржы жоғалтып жатыр, ал болашақта одан да көп шығынға ұшыраймыз, бірақ ең бастысы министр жақсы атаққа ие болып қалады.
Біз мұнай-газ өндіруші елміз, сондықтан көмірсутекті (шикізат) байлығымызды сыртқа сатып көп ақша табу керек пе, әлде оны ішкі нарыққа төмен бағамен жеткізіп, экономиканың басқа саласын қолдау керек пе деген таңдау үнемі алдымыздан шығады. Мұндай таңдау жасау қашанда оңай емес.
Мәселе мынада: егер сіз мұнай мен газ өндіруші ірі компанияларға экспортқа тыйым салып, оған «мұнайды нарықтық бағадан 30%-ға арзан бағаға жеткіз, ал газды 17%-ға арзан бағаға сат» деп шарт қойсаңыз, оның өндіріс көлемін арттыруға, жаңа кен орындарын іздеуге, мұнай алу әдістерін жақсартуға және жұмысшыларға жоғары жалақы төлеуге деген ынтасы тез арада суиды. Ал біздің үкімет негізінен шағын және отандық мұнай мен газ өндірушілеріне оларды қолдап әрі шектемеу идеясымен осындай шарт қойып отыр.
Одан бөлек, тағы бір мәселе бар – төмен бағамен сатылатын мұнай өнімдері тыйымдарға қарамастан заңсыз түрде шетелге тасымалданады, өйткені мұның пайдасы көл-көсір. Тіпті, бензовоздармен және тұтас пойыздармен тасымалданады. Мен ілгеріректе Молдоваға барғанымда ондағы сұйық газдың 40%-ы қазақстандық екенін білдім, ең қызығы, тыйым салынғанына қарамастан мұның қалай жүзеге асқанына таңдандым, дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше, бізде энергияға тапшылық бар және 2024 жылы, 2025 жылы Ресейден 1 миллион тоннадан астам мұнай өнімдерін сатып аламыз – автокөлік бензині – 285 мың тонна, авиаотын – 300 мың тонна, дизель отыны – 450 мың тонна. Бұл біздің елдің үш аптадағы тұтынуы ғана.
Ал бұл тек арнайы төмендетілген бағамен елімізге жеткізіледі. Ал егер Ресей бір күні осы өнімін арзанғңа беруден бас тартса, не болады? Тапшылық сонда басталады.
Сонымен, біз ақыры болашақты ойлап, сұйытылған газ бен мұнай өнімдері нарығын либералдандыруды шештік. Қазір Энергетика министрлігінің бұйрық жобалары жарияланды, онда мұнай өнімдеріне белгіленген ең жоғары баға – АИ-92/93 үшін литрі 205 теңге, дизель отынының литрі үшін 295 теңге деген тыйым алынып тасталды және сұйылтылған газдың бағасы аймаққа байланысты 6-21 теңге аралығында қымбаттайтыны белгіленді, дейді ол.
Жалпы, оның пайымынша, бұл экспорт пен ішкі нарықтағы шикізат бағасы арасындағы айырманы азайтып, мұнай өндіруді үлкен көлемде дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, бұл отын тапшылығы мәселесін шешіп, оны экспортқа бақылау енгізіп, Ресейден бензин өнімдерін көп көлемде сатып алуға тәуелді етпейді. Сондай-ақ, газ бен мұнай өнімдеріне қатысты жемқорлықты жоюға септігін тигізеді.
Бұл шешім, анығын айтқанда, алдағы 3-5 жылда мұнай-газ саласында үлкен нәтиже береді. Ал азаматтар үшін, бәлкім, көлік салығын алып тастау керек – өйткені жолдарды күтіп ұстау үшін мұнай өнімдеріне салынатын бір ғана акциз жеткілікті болар еді. Ал болашақта біз оңтүстіктегі көршілерімізге мұнай өнімдерін кеңінен экспорттай аламыз – Қырғызстанда АИ-92 бензині – 385 теңге, Өзбекстанда – 489 теңге, ал дизель отыны Қырғызстанда – 427 теңге, Өзбекстанда – 528 теңге. Бұл біздің өнеркәсіп үшін жақсы табыс көзі болар еді.
Фото: Elordainfo