Ресей энергиясына тәуелділік: мұнай өңдеу зауыттарына отандық мұнай жетпейді
Қазақстан электр энергиясына ғана емес, Ресейдің бензині мен дизельіне жыл сайын тәуелді болып барады. Бұл туралы саясаттанушы Марат Шибұтов өзінің телеграм арнасында жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығы көпшілік үшін бесенеден белгілі. Егер динамиканы қарасақ, біз электр энергиясын төмендегідей көлемде сатып алғанымызды көреміз:
2019 жыл – 56 млн $
2020 жыл – 54 млн доллар;
2021 жыл – 86 млн доллар;
2022 жыл – 143 млн доллар;
2023 жыл – 236 млн доллар;
2024 жыл (3 тоқсан) – 205 млн доллар.
Алайда шын мәнінде, біз тек электр энергиясын ғана емес, басқа да энергетикалық ресурстарды импорттаймыз. Нақты айтқанда, мұнай өнімдерін де сырттан сатып аламыз:
2019 жыл – 422 млн доллар;
2020 жыл – 458 млн доллар;
2021 жыл – 556 млн доллар;
2022 жыл – 787 млн доллар;
2023 жыл – 910 млн доллар.
Әсіресе, бізде керосин үлкен мәселеге айналған, бірақ бензин мен дизель отыны да көп қиындық тудырып тұрғанын айтуға тиіспіз. Ішкі тұтыну жыл санап артып келеді – соңғы 10 жылда ол кем дегенде 30%-ға өсті. Бірақ бізде өңдеу қуаттылығы жетіспейді және мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізу қиямет-қайым. Сондықтан біз Ресейден мұнай мен дизельді арзан бағаға сатуын сұраймыз, бірақ бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Жеңілдік мәңгілік емес.
Негізгі мәселе неде – ол мұнай өңдеу зауыттарында мұнай сатып алу бағасы экспорттық бағадан 30-45% аралығында төмен екендігі, яғни мұнай өндірушілер біздің зауыттарға мұнай беру үшін шығынға батуы немесе өз пайдасын айтарлықтай азайтуы қажет. Сонымен қатар, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай өңдеу зауыттарына мұнай бермейді, сондықтан негізінен кішігірім өндірушілер зауыттарды мұнаймен қамтамасыз етеді. Сондықтан олар үнемі осы міндеттемесін азайтуға ұмтылады. Ал жаңа жобаларды бастауға кім ықыласты болсын? Сондықтан инвестициялар да түсіп кетті.
Қорыта айтқанда, егер біз импорттан бас тартып, өз нарығымыздың тұрақтылығын арттырғымыз келсе, мұнай өңдеу зауыттарымен жұмыс істеп, өңдеу көлемін арттырып, мұнайды өңдеуге беретіндердің пайдасын көтеруіміз қажет. Әйтпесе, мәселе шешілмейді.
Фото: pixabay.com